Қазақстанда «Дипломмен – ауылға» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бағдарлама кімдерге арналған?
Бұл мемлекеттік бағдарлама ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандарға арналған. Атап айтқанда:
Ауыл шаруашылығы саласы: агрономдар, ветеринарлар және басқа да мамандар;
Білім беру: мұғалімдер, тәрбиешілер;
Денсаулық сақтау: дәрігерлер, медбикелер;
Әлеуметтік қорғау: әлеуметтік қызметкерлер;
Мәдениет және спорт: жаттықтырушылар, мәдениет үйлері қызметкерлері;
Мемлекеттік қызмет: ауылдық округ әкімдіктерінің аппарат мамандары (әкім мен оның орынбасарларынан басқа).
Негізгі талаптар
Бағдарламаға қатысу үшін:
Соңғы 2 жылда таңдаған ауылда тұрғын үй болмауы,
Несие бойынша қарыздың болмауы,
Техникалық, кәсіби, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы дипломның болуы қажет.
Сонымен қатар, несие алғаннан кейін кемінде 3 жыл өз мамандығы бойынша ауылда жұмыс істеу міндеттеледі.
Қандай көмек қарастырылған?
Бағдарлама аясында:
Көшуге арналған бір реттік көтерме ақы – 100 АЕК (2025 жылы 393 200 теңге);
1% мөлшерлемемен 15 жылға дейінгі жеңілдетілген несие беріледі. Несие сомасы елді мекеннің орналасуына байланысты 2500 АЕК-ке дейін (шамамен 9,83 млн теңге) жетеді.
