Нью-Йоркте өткен әйгілі Bill Farrell International 2025 турнирінде қазақ балуаны Нұржан Асан тағы да ел намысын абыроймен қорғап, күміс медаль иегері атанды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол өз салмағында (87 кг) бірнеше америкалық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, финалға дейін сүрінбей жетті. Соңғы белдесуде ұпай санымен ұтылғанымен, Нұржанның шеберлігі мен табандылығы көрермендер мен сарапшылардың жоғары бағасына ие болды.
Жарысқа 30-дан астам елден 300-ге жуық спортшы қатысқанын ескерсек, бұл нәтиже – қазақ спортының өркендеуінің айқын дәлелі.
Бапкері Ринат Исмайлов шәкірті туралы былай дейді:
"Нұржан ешқашан берілмейді. Әлемнің қай түкпірінде күрессе де, оның бойынан қазақ рухының оты байқалады".
Т.Рысқұлов ауданының Көгершін ауылында дүниеге келген Нұржан — бүгінгі таңда Қазақстанның мақтанышы. Ол 12 жыл бойы күрес өнерін өмірлік серігіне айналдырған.
Спорттық жетістіктері:
- 2021 — Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері
- 2022 — Әлем чемпионы
- 2023 — Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы
- 2024 — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері
Бүгінде Нұржан Асан АҚШ пен Бразилияда шеберлік сабақтарын өткізіп, әлем жастарына қазақ күресінің рухы мен өнерін насихаттап жүр.
"Мен үшін басты жеңіс - елімнің атын әлемге таныту", - дейді спортшы.
