Тоқаевтың ядролық стратегиясы: Қазақстанда шағын модульді реакторлардың болашағы бар ма?

Сағыныш Сардарова 30 сәу. 2025 10:33 170

Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығының (National Analytical Center) саясат жөніндегі сарапшысы әрі аға ғылыми қызметкері Аружан Мейірханова Қазақстанда құрылған атом энергетикасы жөніндегі агенттік, еліміздің бұл саладағы әлеуеті тұрғысында пікір білдірді,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 15 наурызда атом энергетикасы жөніндегі жаңа агенттікті құру туралы жарлыққа қол қойып, еліміздің энергетикалық болашағын атоммен байланыстыратынын ресми түрде жария етті. Үш атом электр станциясының құрылысы мен толыққанды ядролық кластер қалыптастыруды мақсат еткен бұл бастама елімізді жаһандық энергетикалық трендтің бір бөлшегіне айналдырмақ.

Осы орайда, Қазақстанда тек алып ядролық станциялар ғана емес, соңғы жылдары жиі айтылып жүрген шағын модульді реакторларға (SMR) орын бар ма деген сауал туындайды. Президент Тоқаевтың атом энергетикасын дамытуға деген талпынысы осы технологияны да ел ішінде енгізуге мүмкіндік бере ме?

Қазақ билігінің қазіргі ұстанымына сүйенсек, шағын модульді реакторларға деген қызығушылық бар, бірақ әзірге ол тек қана «ұзақмерзімді перспективадағы мүмкіндік» ретінде қарастырылуда. Былтырғы жылы Энергетика министрлігіндегі ядролық энергетика және өнеркәсіп департаментінің сол кездегі басшысы Ғұмар Серғазин «2030 жылдан кейін Ақтау мен Курчатов қалаларында SMR реакторларын салуға болады» деп мәлімдеген еді. Ал сол жылдың соңында сол кездегі Энергетика министрі, қазіргі уақытта атом энергетикасы агенттігінің басшысы болып тағайындалған Алмасадам Сәтқалиев АҚШ-тың NuScale және GE-Hitachi компанияларымен шағын реакторларды салу туралы келіссөздер басталғанын хабарлады. Дегенмен, бұл келіссөздер әзірге тек зерттеу деңгейінде қалып отыр.

Бұл технология Қазақстанға қаншалықты қолайлы?

Шағын модульді реакторлардың негізгі артықшылықтары ретінде мамандар олардың қауіпсіздігін, салыстырмалы түрде шағын аумаққа орналастыру мүмкіндігін және қысқа мерзімде салынып бітуін атайды. Әдеттегі ірі атом электр станцияларынан шамамен үш есе аз қуат өндіретін SMR реакторлары бастапқы инвестицияны төмендетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ оларды энергияны тұтыну қажеттілігіне қарай кезең-кезеңмен көбейтуге болады.

Оның үстіне, мұндай реакторларды бұрынғы көмір станцияларының аумағына орнату арқылы қосымша жер сатып алу мен жаңа инфрақұрылымға шығынданбай, қаржыны 15%-дан 35%-ға дейін үнемдеуге болады. Мысалы, Қазақстанда электр энергиясының шамамен 66%-ын көмір станциялары өндіреді. Егер шағын реакторларды дәл осы ескі көмір станцияларының орнына орнатса, бұл бір жағынан экологияға зиян келтіретін көмірден құтылуға, екінші жағынан сол саланың мамандарын жұмыссыз қалдырмай, оларды жаңа технологияларға тез бейімдеуге мүмкіндік береді.

Алайда, шағын реакторлардың артықшылықтарымен бірге, кемшіліктері де жоқ емес. Біріншіден, бұл технология әлемде әлі толық сынақтан өтпеген. АҚШ-тың NuScale және GE-Hitachi секілді алдыңғы қатарлы компанияларының өзі де әзірге коммерциялық деңгейде толыққанды жұмыс істейтін SMR реакторларын орнатқан жоқ. Қазақстанның да осы компанияларды алғашқы ірі атом жобасының шорт-листінен алып тастауының себебі – дәл осы реакторлардың толықтай дәлелденген тәжірибесінің жоқтығы.

Сонымен қатар, кейбір зерттеулердің нәтижесі бойынша, SMR реакторлары кәдімгі ірі реакторларға қарағанда радиоактивті қалдықтарды көбірек шығаруы мүмкін екені айтылған. Бұған қоса, шағын реакторлардың қуат бірлігіне шаққандағы құны да қымбатқа түсуі ықтимал, себебі үлкен станцияларға қарағанда олардың өндірістік масштабын кеңейту оңай емес.

Дегенмен, шағын модульді реакторлар болашақта бүкіл әлемдік атом энергетикасының 10%-на дейінгі бөлігін құрауы мүмкін деген болжам да жоқ емес. Халықаралық энергетика агенттігінің (IEA) зерттеуі бойынша, егер мемлекеттер бұл технологияны қолдау мақсатында тиісті қаржылай көмек, заңдық реттеу мен инновацияларға жағдай жасаса, алдағы 20 жылда SMR реакторлары әлемдік энергетикада жаңа трендке айналуы әбден мүмкін.

Бүгінгі таңда әлемде SMR реакторлары бойынша нақты әрі табысты жұмыс істеп тұрған мысалдар өте аз. Әзірге тек Қытай мен Ресейде ғана шағын модульді реакторлар сәтті түрде қолданысқа енгізілді.

Қазақстанның көршілері бұл бағытта не істеп жатыр?

Қазақстанның көршілері арасында SMR технологиясын енгізуге нақты қадам жасаған мемлекет – Өзбекстан. Ресейдің «Росатом» корпорациясымен келісімге келген Өзбекстан билігі Джизақ облысында әрқайсысының қуаты 55 мегаватт болатын алты шағын реактордан тұратын атом станциясын салмақшы. Бұл жоба Өзбекстанда 2029 жылы алғашқы реактордың іске қосылуымен басталып, толық аяқталуы 2033 жылға жоспарланған. Сондай-ақ, Қырғызстан да «Росатоммен» осыған ұқсас екі реактордан тұратын шағын атом станциясын салу туралы келісімге келді.

Осылайша, Қазақстан көрші елдерден шағын реакторлар бойынша дайын, әрі тәжірибелі мысалдарды көре алады. Бұл өз кезегінде еліміздің SMR технологиясына деген күмән-күдігін сейілтуі мүмкін.

Президент Тоқаевтың атом энергетикасына деген батыл қадамы Қазақстанның алдағы онжылдықтағы энергия саласын түбегейлі өзгерте алады. Дегенмен, Қазақстан SMR технологиясына ашық көзқараста болғанымен, бұл бағыттағы нақты шешімдерді әлемдік тәжірибе толық пісіп-жетілген соң ғана қабылдауға дайын.

Жалпы алғанда, шағын модульді реакторлар Қазақстан үшін алыстағы арман емес, ұзақмерзімді стратегиялық жоспардың маңызды бөлшегі болуы мүмкін. Осы технологияның мүмкіндіктері мен кемшіліктерін жан-жақты саралап, әлемдік тәжірибеден сабақ ала отырып, Қазақстан өз энергетикалық болашағын сенімді әрі қауіпсіз негізде құра алады. Президент Тоқаевтың атом энергиясына ерекше мән беруі осы бағыттағы шешуші факторлардың бірі болмақ. Ең бастысы, бізге қажеттісі – асықпай ойланып, сапалы технология мен қауіпсіздік стандарттарына сай келетін жобаларды таңдау.

Дереккөз: atlanticcouncil.org


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар