Алматы облысындағы бала өліміне қатысты тың деректер шықты

Асель Қайратқызы 07 қар. 2025 15:44

Саймасай ауылында кішкентай бала Владтың өлімі бойынша тергеу басталды. Мектепке полиция келіп, оқушылардан Владтың күнделік жүргізгені туралы сұраған. Балалар шындықты айтқанымен, мектеп психологы Ардақ оларды қорқытып, «енді ата-аналарың жауап береді», деп айтылғанын хабарлайды Dalanews.kz. "НеМолчиKZ" қорына сілтеме жасап.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, адамдарға қысым көрсетіліп жатыр. Көпшілігі ашық сөйлеуден қорқады. Себебі ауылды бір әулет — туыстар басқарып отыр.

Билік пен туыстық байланыс — қорқыныштың себебі

Ауылдың әкім орынбасары мен жергілікті полиция қызметкері — ерлі-зайыптылар. Полицияның ағасы Оразхан Қаспақбаев — Талғар ауданы әкімінің орынбасары. Бұл отбасының фермалары мен бизнесі бар, ауыл адамдары жұмыстан айырылып қалудан, баласын мектепке апара алмай қалудан қорқады.

  "НеМолчи" мәліметі бойынша, Владтың сынып жетекшісі Мадина — осы отбасының туысы. Ол трагедиядан екі апта бұрын декретке кетіп, жылдар бойы баланың жағдайына араласпаған.

  Полиция қызметкері Даулет Қаспақбаев Владтың үйіне жиһаз апарып жүргенін куәгерлер байқаған. Мұны ауыл адамдары «істі жасыру амалы» деп санайды.

Ауыл тұрғындары не талап етеді?

Қазір тұрғындар келесі лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды және қызметтен босатуды талап етуде: округ әкімі Бақытжан Чурмаков, мектеп директоры Назгүл Дүйсенқызы Сарымбаева, психолог Ардақ, сынып жетекшісі Мадина Аманжолова, аудан әкімінің орынбасары Динара Төлебаева, полиция қызметкері Даулет Қаспақбаев.

НеМолчиKZ қоры ауыл тұрғындары Қаспақбаевтар отбасын «сұр кардиналдар» деп атайтынын жазған.

Олардың айтуынша, бұл туыстық жүйе адамдарды тәуелді әрі қорғансыз күйге түсіріп отыр.

Мәселе енді тек бір баланың тағдыры емес — ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі әлеуметтік дертке айналды дейді олар.

Dalanews.kz тілшісі  Алматы облыстық полиция департаментіне хабарласып, істің мән- жайы туралы ақпарат алды. Баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, аталған факт бойынша қылмыстық іс тіркелді. Барлық тергеу әрекеттері Алматы облысы полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған.

Тергеу барысы Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар