Алматыда Көкжайлау аумағында жүзеге асырылуы жоспарланған Almaty SuperSki тау курорты жобасы бойынша қоғамдық тыңдау аяқталды. Бірнеше сағатқа созылған ашық талқылау барысында жобаның экономикалық, туристік, әлеуметтік және экологиялық аспектілері жан-жақты қаралды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қоғамдық тыңдауға экологтар, сарапшылар, кәсіпкерлер, спорт саласының мамандары, қоғам белсенділері және қала тұрғындары қатысып, жобаға қатысты пікірлерін білдірді.
Тыңдау қорытындысы бойынша қатысушылардың басым бөлігі Алматының тау кластерін дамыту бастамасын қолдады. Жоба авторлары мен қолдаушылардың пікірінше, Almaty SuperSki Алматыны Орталық Азиядағы жетекші тау туризмі орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында халықаралық деңгейдегі заманауи тау инфрақұрылымын қалыптастыру көзделіп отыр. Жоспар бойынша жаңа туристік аймақта шаңғы трассалары, аспалы жолдар, сервис орталықтары, қонақүйлер, қоғамдық тамақтану орындары және жыл бойы жұмыс істейтін туристік нысандар салынуы мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, бұл бастама Алматыға келетін ішкі және шетелдік туристер санын едәуір арттыруға ықпал етеді.
Қоғамдық тыңдауда жобаның экономикалық тиімділігіне де ерекше назар аударылды. Спикерлердің айтуынша, тау кластерін дамыту мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл тек құрылыс кезеңіндегі уақытша жұмыспен қамту емес, туризм, қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік, спорт индустриясы мен сервис салаларындағы тұрақты жұмыс орындарын да қамтиды.
Кейбір қатысушылар толық іске қосылғаннан кейін жоба шамамен 15 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретінін айтты.
Тыңдау барысында жастар мәселесі де көтерілді. Қатысушылар халықаралық деңгейдегі туристік жобаларды жүзеге асыру жастарға жаңа кәсіби мүмкіндіктер ашып, олардың шетелге кетуін азайтуға ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар заманауи инфрақұрылым мен халықаралық сервис стандарттарының енгізілуі Алматыда жаңа буын мамандарын даярлауға жол ашатыны айтылды.
Экологиялық қауіпсіздік мәселелері де кеңінен талқыланды. Жоба өкілдері құрылыс жұмыстары халықаралық экологиялық талаптарды ескере отырып жүргізілетінін мәлімдеді. Табиғи ландшафтқа түсетін жүктемені азайту үшін арнайы шаралар қарастырылғаны айтылды. Сондай-ақ қоғамдық бақылау мен сараптамалық мониторинг жалғасатыны атап өтілді.
Жекелеген белсенділер тарапынан қарсылықтар мен эмоциялық пікірталастар болғанымен, тыңдау белгіленген тәртіп аясында өтті. Модераторлар барлық тараптың пікір білдіруіне мүмкіндік жасап отырды.
Қоғамдық тыңдау соңында жоба одан әрі жүзеге асыруға қолдау тапқаны жарияланды. Ендігі кезеңде техникалық және жобалық құжаттамаларды әзірлеу, мемлекеттік сараптамалардан өту және инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дайындау жұмыстары жүргізіледі.
Сарапшылардың пікірінше, Almaty SuperSki тек тау курорты ғана емес, Алматы экономикасына ұзақмерзімді серпін беретін ірі инвестициялық жоба ретінде қарастырылып отыр. Жоба жүзеге асқан жағдайда Алматының халықаралық туристік картадағы рөлі күшейіп, қала жыл бойы турист қабылдайтын заманауи мегаполиске айналуы мүмкін.