54 келіге арықтаған танымал полиция қызметкері басты құпиясын айтты

54 келіге арықтаған танымал полиция қызметкері басты құпиясын айтты
Arasha.kz коллажы

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Салтанат Әзірбек тығыз жұмыс кестесіне қарамастан қалай салмақ тастағанын айтып берді. Төрт баланың анасы BES.media басылымына берген сұхбатында өзін формада ұстауға көмектескен негізгі қағидаларын бөлісті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Салтанат Әзірбектің айтуынша, әйел полицейлерге қатысты қоғамда сыртқы келбет, тәртіп және талап туралы жиі айтылады. Алайда оның өзі үшін басты ұстаным – ішкі тәртіп пен үйлесім. Ол физикалық форманы тек сыртқы сымбат емес, адамның төзімі, ерік-жігері және өзіне деген жауапкершілігі деп түсінеді.

Полиция полковнигі соңғы жылдары 54 келіге арықтағанын айтты. Оның сөзінше, бұл нәтижеге қатаң диета арқылы емес, күнделікті қалыптасқан дұрыс әдеттердің арқасында жеткен. Ең басты әдеті – тұрақты кардио жаттығу.

Салтанат Әзірбек таңғы 3-те оянып, сағат 4-тен бастап жаяу жүріске шығады. Екі сағатқа созылатын серуен кезінде ол 12-13 мың қадам жасайды. Ал таңғы 7-де жұмыс орнында болады.

"Басқаша мүмкін емес. Бұл – өзіңмен жасалған келісім", – дейді ол.

Тамақтану мәселесінде де полковник нақты тәртіп ұстанады. Ол уақытылы, аз мөлшерде әрі ақуызға бай тағам жеуге мән береді. Ұн өнімдері мен тәттіден толық бас тартқанын айтады. Оның пікірінше, артық салмақтың себебі көбіне тағамның көптігінде емес, қалыптасқан қате әдеттерде.

Салтанат Әзірбек үшін тәртіп – тек қызметтегі талап емес, өмір салты. Ол тіпті 1 қаңтар күні де таңғы серуенін тоқтатпағанын жеткізді. Өзіне талап қою, денесін тыңдау және жауапкершілікті сезіну – оның басты мотивациясы.

"Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді. Біз бұған қабілеттіміз", – дейді Салтанат Әзірбек.