Ақтөбе облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде интернет арқылы алаяқтық жасады деген күдікпен Ақтау қаласының тұрғыны ұсталды, — деп хабарлайды Dalanews.kz Polisia.kz. сайтына сілтеме жасап.
Жедел тергеу барысында 30 жастағы ер адамның интернет платформасы арқылы жалған хабарландырулар орналастыру жолымен азаматтарды алдағаны анықталды. Қазіргі таңда оның алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен алты адам анықталды: үшеуі Ақтөбеден болса, қалғандары Алматы, Түркістан облыстарынан. Жәбірленушілердің барлығы Алматы қаласынан бірнеше тәулікке пәтерді жалға алмақ болған. Күдікті олардан 20 мыңнан бастап 130 мың теңгеге дейін алдын ала төлем сұраған. Ақша аударымын алғаннан кейін байланысты тоқтатқан. Осындай жолмен ол азаматтардан 300 мың теңгеге жуық ақша иеленген. Бұл қаражатты ол құмар ойындарға жұмсаған.
Polisia.kz мәліметі бойынша,тергеп-тексеру барысында ұсталған ер адамның Алматы қаласынан пәтерлерді жалға беру туралы хабарламаларды интернет-платформасынан тауып, өзі жалға алушы кейпінде пәтер иелеріне хабарласқаны анықталды. Ол пәтер иелерінен үйдің қосымша фотолары мен бейнешолуларын да алған. Кейін оны жалға беру туралы өз атынан тартымды бағамен хабарлама орналастырған. Барлық жағдайда күдікті жәбірленушілермен интернет пен мессенджерлер арқылы байланыс орнатқан. Қазіргі таңда бірнеше адамға қатысты алаяқтық жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
