Ауғанстаннан тарихи Отанына оралған бір топ этникалық қазақ Қазақстан азаматтығынан айырылды. Сот шешімімен “қазақ емес” деп танылған 250 адамның қатарында балалар да бар. Бұл туралы “Ел аманат” қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақыт Сарай Азаттық радиосына мәлімдеді. Қазір олардың ісі сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Азаттық радиосының мәліметінше, азаматтығынан айырылғандардың бірі - 27 жастағы Муради Айнуддин. Ол Ауғанстанның Құндыз қаласында туған, 2016 жылы Қазақстанға оқуға келіп, 2019 жылы азаматтық алған. Айтуынша, тиісті органдарға қазақ екенін дәлелдейтін барлық құжатты көрсеткен.
Алайда 2022 жылы Ауғанстандағы Қазақстан елшілігі оның “қазақ емес” екені туралы нота жіберген. Осыдан кейін Айнуддиннің құжаттары қайта тексеріле бастаған.

"Ондай болады деп ойлаған жоқпын. Елімнен кетпеймін, Отаным үшін соңына дейін күресемін. Қазақстанға алғаш келген сәтімде өз еліме жеттім бе деп көзіме жас алғанмын. Азаматтық алғанымда қатты қуандым, екі інімді де оқуға алып келдім. Олар да азаматтық алды. Бірақ 2024 жылдың маусым айында зейнетақы қорындағы ақшам түспей қалған кезде азаматтығым жойылғанын білдім", - дейді Муради Айнуддин.
Оның сөзінше, көші-қон қызметі “Ауғанстандағы елшіліктен келген нотаға” сүйеніп, азаматтығын жойған. Айнуддин бұл шешіммен келіспейтінін айтып, сотқа жүгінген.
"Қытайдан, Моңғолиядан, Ауғанстаннан келген қандастардың бәрінің арманы - өз еліне еңбек ету. Біз Қазақстанға қызмет еткіміз келеді. Бірақ осындай жағдайлар болашақта оралмандарға кедергі болуы мүмкін. Бұл - өте ұят жағдай. Соңына дейін күресемін", - дейді ол.
