ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың сұхбатындағы «Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясындағы квота мәселесінде өзінің ұлттық мүддесін жоғары қояды» деген мәлімдемеден кейін, ОПЕК картелі Қазақстанның мұнай өндіруді баяулату бойынша Chevron, Agip, Shell, Eni сынды халықаралық алпауыттармен келісе алмағанын түсінді. Осы айдың басында Қазақстанның шектеу квоталарын сақтамағаны біраз әңгімеге ұласқан болатын, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«ОПЕК+ келісімінің алдағы мониторингтік отырысы келесі аптада, 5 мамыр күні өтеді. Біршама елдер Қазақстанның квота сақтамағанын алға тартып, қатаң шара қолдануды сұрамақ. Қазақстан үшін келісімнің өзі тарап кетіп, барлық елдер мұнай өндірісін күрт арттырады деген сценарийді жоққа шығармаймыз. Немесе Қазақстанды келісімнен шығарып тастау бойынша шешім дауысқа салынатын болады», - дейді, үкіметке жақын DALA INSIDE дереккөзі.
ОПЕК+ қандай шектеу қойса да, Қазақстан мұнай өндірісін квотаға сай шектей алмайды. Себебі бізде ең көп мұнай өндіретін ТШО (Теңіз кешені), NCOC (Қашаған), KPO (Қарашығанақ) бірлескен кәсіпорындары Қазақстанға бағынбайды.
ОПЕК өткен наурыз айына Қазақстанға тәулігіне 1,473 миллион баррель мұнай өндіру квотасын бекіткен болатын. Қазақстан оны сақтай алмай, тәулігіне 1,82 миллион баррель өндірді. Оның алдындағы айларда да квотадан асып кетіп жүрдік. Енді оның барлығын өтемақылық жоспар бойынша ретке келтіру үшін, кейбір кеніштердегі мұнайды мүлде қысып тастауға тура келеді. Ал ол технологиялық жағынан мүмкін емес. Себебі, техногендік апат болып, тіпті ондай кенішті мүлде жауып тастау ықтималдығы жоғары. ОПЕК үшін осынша материалды-техникалық құрбандыққа бару топастық болар еді.
«ОПЕК+ біздің аяғымызды жіппен байлап отыр деуге болады. Бізге бұл ұйымның пайдасы көп пе, әлде зияны көп пе, осыны әлі анықтай алмадық. Мұнай бағасының тым құлдырап кетпеуіне себеп болып отырғандықтан ғана олармен сыпайы болып келдік. Неше түрлі әдіспен уақыт созып жүргенбіз. Бірақ олар да ақымақ емес. Енді бізге мұндай мүмкіндік бермейді», - дейді, дереккөз.
Бір сөзбен айтқанда, келесі аптада Қазақстанның ОПЕК картелімен романы аяқталуы мүмкін. Бірақ одан кейін мұнай фьючерстерінің бағасы тағы да құлдырайды деген қауіп бар. Еліміз соңына дейін дипломатиялық әдістерін қолданып көреді.