Алматы қаласы Бостандық ауданында пайдалануға жарамды тақтатастары (брусчатка) үйіліп, қоқыс алаңына айналған. Белгілі журналист Нұрлан Жұмахан әлеуметтік желіде видео жариялап, биліктен түсініктеме сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналистің айтуынша, бұл жер Жароков, Гагарин және Өтепов көшелерінің аралығында орналасқан. Бұған дейін алаңқайдың орнына құрылыс жүргізіледі деген ақпарат тараған, алайда іс жүзінде ол жүзеге аспаған. Кейінгі бір апта ішінде аумақ түрлі формадағы, бүтін және зақымдалмаған тақтатаспен (брусчаткамен) толып кеткен.
“Мына тротуар тастарының ешқайсысы тозып тұр деуге келмейді. Кәдімгі таза, бүтін, төртбұрыш және алтыбұрыш формалары да бар. Мұның бәрін қайта пайдалануға әбден болады”, - дейді журналист.
Олардың сөзінше, кей жерлерде тастар құмымен бірге сыпырылып әкелінген. Бұл бұрынғы тротуар жабындысы екенінің дәлелі.
“Қаланың қақ ортасында осындай қоқыс алаңын жасау — мемлекеттің қаржысын рәсуа ету. Бұл тастардың орнына қаншама жаңа брусчатка төселді, ол миллиондаған, тіпті миллиардтаған теңгеге түсті. Санжар Боқаев көтеріп жүрген мәселе өте орынды”, — деп қосты журналист.
Айта кетейік, бұған дейін қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматыдағы жөндеу жұмыстары кезінде жарамды құрылыс материалдарының ысырап болып жатқанын бірнеше рет сынға алған еді.