Өңірде бұл мәселеге миллиардтар жұмсалмақшы. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, облыстық мәслихат депутаттары Іле ауданы Байсерке ауылында орналасқан «А.Асанов атындағы атқыштар клубы» ЖШС-іне 11,2 млрд теңге бөлу туралы ұсынысты мақұлдаған. Бұл мемлекет пен жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асатын жоба дейді дереккөз.
"2024 жылдың қараша айында Алматы облысының әкімдігі мәслихат депутаттарына аталған клубқа 10 жылдық мерзімге 11 млрд 265 млн теңге бөлуді ұсынды. Мәслихат бірауыздан мақұлдамаса да, көпшілік дауыспен шешім бекітілді", - дейді, дереккөз.
Атқыштар клубы 2002 жылы ашылған. Сол уақыттан бері коммерциялық нысан ретінде жұмыс істеп, салық төлеп келген. Тиісті коммуникация желілері түгелдей тартылған. Толық жұмыс істеп тұр. Ал соңғы 5 жылда мемлекетке төлеген салық мөлшері ашық деректерде бар. Тек 2025 жылы салық көлемі күрт өскені байқалады. Себебі облыстық әкімдік клубқа 2024 жылы 1,2 млрд теңге, 2025 жылы 761 млн теңге бөлген.
Ол қаржыға атқыштар клубы жаңа ғимарат салу, инфрақұрылымды дамытуға жұмсауы тиіс еді. Алайда бұрынғы ғимаратқа тек жөндеу жұмыстары жүргізілген. Үнемі бюджет тапшы, қаржы жетіспейді деп жүргенімізде атқыштар клубына миллиард шығындау қажет пе?