Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінің сынақтан өткізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бас қалаға тағы екі жылжымалы құрам жеткізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz. CTS компаниясына сілтеме жасап.
City Transportation Systems компаниясының мәліметінше, 17 және 18 қазан күндері жылжымалы құрамдар эстакада жолына орнатылады.
17 қазанда алғашқы құрам №104 және №105 станциялары арасындағы, Қабанбай батыр даңғылы бойындағы «Астана жұлдызы» стелласы маңында орналасқан учаскеге орнатылады;
18 қазанда екінші құрам Ш.Қалдаяқов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылы қиылысындағы, №113 (Министрліктер үйі, және №114 (Ұлттық музей) станциялары аралығындағы бөлікке қойылады.
«18 қазан күні сағат 00:00- ден бастап 19 қазан сағат 06:00- ге дейін арнайы техника көмегімен жүргізілетін көтеру және монтаж жұмыстарына байланысты Ш.Қалдаяқов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылы қиылысында автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Осыған байланысты тұрғындар мен жол қозғалысына қатысушылардан уақытша шектеулерді ескеріп, өз бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз»,- делінген хабарламада.