Ұлыбритания Ресейдің бірнеше компаниясына санкция салды

Көркем Алдабергенова 15 қаз. 2025 17:15

Ұлыбритания «Лукойл» және «Роснефть» компанияларына қарсы жаңа санкциялар енгізді. Бұл ақпарат Ұлыбритания үкіметінің ресми сайтында жарияланған санкциялар тізімінде көрсетілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шаралар активтерді бұғаттауды, сондай-ақ сенімгерлік қызметтер мен көлікке қатысты шектеулерді қамтиды. Құжатта мұндай шешім Ресей үкіметі үшін стратегиялық маңызы бар салада, яғни энергетика секторында бизнес жүргізумен байланысты екені айтылған. Бұған дейін бұл компаниялар салалық санкциялар тізімінде болған.

«Роснефтьке» қатысты Ұлыбритания билігі компанияға тиесілі, оның бақылауындағы, жалға алған немесе пайдаланатын кемелерге Ұлыбритания порттарына кіруге тыйым салды. Сондай-ақ компанияға тиесілі әуе кемелеріне елдің әуе кеңістігі арқылы ұшуға және аумағына қонуға тыйым салынды.

Сонымен қатар, Ұлыбритания үкіметі сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, «Роснефтьтің» ірі акционері үнділік Nayara Energy компаниясы да санкциялар тізіміне енгізілді.

Бұған қоса, санкциялар тізіміне қытайлық National Pipeline Group Beihai Liquefied Natural Gas CO LTD компаниясы да кірді. Оны тізімге енгізу себебі ретінде британ санкциялары астындағы кемелермен байланысы аталған.

Сондай-ақ санкция тізіміне Ұлттық төлем жүйесі және бірқатар ресейлік банктер - Трансстройбанк, Примсоцбанк, ББР банк және Солид банк енгізілді. Құжатта олардың барлығы Ресей үкіметі үшін стратегиялық маңызы бар, яғни қаржы секторында жұмыс істейтіні көрсетілген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар