Қаржы министрлігінің цифрлық мониторинг жүйесі мемлекеттік сектордағы заңсыз төлемдер мен күмәнді схемаларды анықтауға көмектесті. Бұл туралы үкімет отырысында ведомство басшысы Мәди Тәкиев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Tengrinews.kz мәліметінше, бірқатар аудандық білім бөлімдерінде қызметкерлерге ай сайын 30-65 млн теңге көлемінде жалақы және 10 млн теңгеден асатын сыйақы есептелген деректер тіркелген. Мұндай бұзушылықтар жасанды интеллект (ЖИ) арқылы анықталған.
Мәди Тәкиевтің айтуынша, былтыр ЖИ көмегімен жалпы сомасы 307 млрд теңге көлеміндегі тәуекелі жоғары төлемдер табылған, ал биылғы жылдың басынан бері тағы 132 млрд теңге сомасында күмәнді операциялар әшкереленген.
Министрдің сөзінше, цифрлық талдау енді тек білім беру саласымен шектелмей, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт салаларын да қамтиды.
"Кейбір ұйымдар қаржы институты болмағанына қарамастан, өздеріне бөлінген қаражатты несие беруге және депозитке орналастыруға пайдаланып, пайыз түрінде табыс тапқан", – деді ол.
Мысалы, 1 млрд теңге көлеміндегі бюджет несиесі депозитке салынып, 80 млн теңге пайда әкелген. Сонымен қатар, 808 млн теңге сомасына бірдей мал басына бірнеше рет субсидия алған деректер де тіркелген.
Мәди Тәкиев цифрлық бақылауды күшейту және ЖИ-аудитті дамыту мемлекеттік қаражаттың ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етудегі басты басымдық екенін атап өтті.
Биылғы үш тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанның мемлекеттік бюджет кірісі 23,4%-ға өскен. Бұл шамамен 21,5 трлн теңге немесе 40 млрд доллар. Министрдің айтуынша, өсімнің негізгі бөлігі салықтық түсімдер, яғни 15 трлн теңгеден астам қаражат.
"Бұл нәтижеге жасанды интеллекттің көмегімен қол жеткіздік", – деді Тәкиев.