Маңғыстаудағы газ тапшылығына бірқатар кәсіпкердің жауапсыздығы да себеп – әкімдік

Қаракөз Амантай 15 қаз. 2025 16:45

Маңғыстау облысы әкімдігінде өткен кеңейтілген жиында өңірде сұйытылған газ тапшылығының негізгі себептері аталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресми мәліметке сүйенсек, облыстың ай сайынғы сұйытылған газға деген қажеттілігі — 18 мың тонна. Маңғыстау аймағын бұл отынмен негізінен Жаңаөзендегі Қазақ газ өңдеу зауыты және Атырау мұнай өңдеу зауыты қамтамасыз етіп келген. Алайда Атырау зауытының жоспарлы жөндеуге тоқтауына байланысты өңір қазан айында шамамен 3,7 мың тонна газды кем алады.

Бұл тапшылықты Ақтөбе зауытынан жеткізу арқылы жабу көзделгенімен, арақашықтықтың ұзақтығына байланысты тасымалдау кезінде кешігулер орын алып отыр.

Сонымен қатар облыстық кәсіпкерлік басқармасы газ тапшылығының тағы бір себебін атады.

"Мәселенің туындауына кейбір кәсіпкерлердің жауапсыз әрекеттері де себеп болды. Оларға бөлінген газ белгіленген жанармай құю бекеттеріне жеткізілмей, өзге өңірлерге сатылған жағдайлар анықталды. Бұған қоса, кейбір жаңа станциялар тек қағаз жүзінде тіркеліп, ай сайынғы бөлініс көлемін арттыру үшін пайдаланылған. Ал шын мәнінде газ басқа нүктелер арқылы сатылған", – делінген хабарламада.

Қазір Маңғыстау облысында 552 газ құю бекеті жұмыс істеп тұр. Былтыр олардың саны 462 болған.

Әкімдік әр литр бөлінген газдың тасымал бағытын анықтау мақсатында тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. Сондай-ақ қараша айынан бастап өңірге автогаз жеткізілімі қалпына келеді деп күтілуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар