“Тұрпайылық пен арсыздық насихатталып жатыр”. Депутат фильмдердің тәрбиелік мазмұнын бақылауға шақырды

Қаракөз Амантай 15 қаз. 2025 14:01

Мәжіліс депутаты Кұдайберген Бексұлтанов елімізде прокатқа шығатын фильмдердің мазмұнына назар аударуға шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“AMANAT” партиясы фракциясының мүшесі ішкі істер және мәдениет министрліктерін киноиндустрия мен әлеуметтік желілер арқылы насихатталып жатқан арсыздықтың алдын алуға үндеді.

Депутаттың айтуынша, қоғамда заң мен тәртіп туралы жиі айтылғанымен, мәдени және моральдық құндылықтардың құлдырауы әлі де жалғасып жатыр.

“Бүгінде бейәдеп сөздер қоғамдық көлікте де, ғимараттарда да, тіпті мемлекеттік органдарда да естіліп жүр. Заң бар, бірақ оған бағынуға шақыратын үндеу аз. Біз Президенттің “заң мен тәртіп” қағидатын жиі қайталаймыз, бірақ осы ұстанымды іс жүзінде қалай дәріптеп жүрміз? Егер өзіміз түсірген фильмдер арқылы тұрпайылық пен арсыздықты насихаттасақ, бұл үлкен қауіп”, – деді Бексұлтанов

Сондай-ақ депутат мұндай фильмдердің кейбірі мемлекеттік қаржы есебінен түсіріліп жатқанын айтып, бұл мәселені ерекше назарға алуға шақырды.

“Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат — халықтың ақшасы. Оны қоғамның моральдық қағидаларына қайшы келетін мазмұндағы фильмдерге жұмсауға болмайды”, – деді ол.

Өз кезегінде ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл бағыттағы жұмысты тек министрліктер емес, тұтас қоғам бірігіп атқаруы қажет екенін атап өтті.

“Бұл тек ІІМ мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің жұмысы емес. Мұндай мәселеде бүкіл қоғам атсалысуы керек”, – деді министр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар