Қазақстан жомарттық жағынан АҚШ-тан озды

Көркем Алдабергенова 15 қаз. 2025 15:26

Қазақстан халқының қайырымдылыққа деген жомарттық деңгейі бойынша халықаралық Charities Aid Foundation (CAF) ұйымы жасаған жаһандық рейтингте ел 30-орынды иеленді, деп хабарлайды Dalanews.kz Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Рейтинг деректеріне сәйкес, қазақстандықтар табысының 1,2 пайызын қайырымдылыққа жұмсауға дайын.

Сонымен бірге, қазақстандықтардың жомарттық деңгейі дамыған мемлекеттер – АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Нидерланд халқының көрсеткіштерінен жоғары болды.

«Табыстың үлесіне шаққандағы қайырымдылық жарналарының көлемі табысы төмен елдерде әлдеқайда жоғары. Сондықтан рейтингтің алғашқы бестігіне бірден төрт африкалық мемлекет кірді – Нигерия (табыстың 2,8 пайызы), Мысыр (2,5 пайызы), Гана (2,2 пайызы) және Уганда (2 пайызы). Сондай-ақ ең жомарт тұрғындары бар елдердің қатарына Қытай да енді, онда азаматтар табысының 2,2 пайызын қайырымдылыққа береді», – делінген хабарламада.

Жалпы, CAF рейтингінде 101 елдің деректері қамтылған.

Сонымен қатар Numbeo порталының мәліметтері де жоғары жалақысы бар мемлекеттер жомарттық деңгейі бойынша төменгі қатарларда орналасатынын растайды.

«Германия 0,4 пайыздық көрсеткішпен соңғы орындардың бірін иеленді. Ал әлемде орташа номиналды жалақысы ең жоғары Швейцария жомарттық бойынша тек 76-орында: бұл ел азаматтары табысының небәрі 0,7 пайызын ғана қайырымдылыққа жұмсайды», – деп атап өтілген ақпаратта.

Мұндай үрдіс қайырымдылық саласында бірнеше жылдан бері байқалып келеді.

«Африкада ақша беретін немесе ерікті ретінде қатысатын адамдардың үлесі – 72 пайыз, Еуропада – 59 пайыз, Солтүстік Америкада – 56 пайыз. Ал Азияда бұл көрсеткіш дамыған еуропалық және америкалық елдерден жоғары – 69 пайыз. Әлем бойынша қайырымдылыққа уақытын немесе қаражатын жұмсайтын адамдардың жалпы үлесі 64 пайызды құрайды», – делінген хабарламада.

CAF деректеріне сүйенсек, донорлардың үш негізгі түрі бар: шамамен 38 пайызы тікелей мұқтаж жандарға көмек береді, 36 пайызы – қайырымдылық қорлары арқылы, ал 25 пайызы – діни ұйымдарға қаржы бөледі.

Азия елдерінде донорлардың басым бөлігі (44 пайыз) қайырымдылық ұйымдары мен қорларға қаражат аударуды жөн көреді. Мұқтаждарға тікелей көмек беруді немесе еріктілік қызметін 42 пайыз донор таңдайды.

Азиядағы қайырымдылықтың негізгі бағыттары – аз қамтылғандар, гуманитарлық көмек, балалар, қарттар және діни ұйымдар.

Еуропада бірінші орында – гуманитарлық көмек пен балалар және жастар ұйымдарын қолдау, Солтүстік Америкада – үйсіздер, қарттар және жастар, ал Африкада – діни мекемелер мен балаларға көмек.

CAF сарапшыларының айтуынша, әлемдік қайырымдылық секторы соңғы жылдары қаржыландыру тапшылығы, қайырымдылық жарналары үшін бәсеке және шығындардың өсуімен бетпе-бет келіп отыр.

«Зерттеу аясындағы сараптамалық сұхбаттар соңғы 12 айда қайырымдылық қорларына көмек сұрағандардың саны артқанын көрсетті. Бұл тек кедей елдерге ғана емес, дамушы мемлекеттерге де қатысты», – делінген ақпаратта.

Қазақстанда да қайырымдылық саласында бірқатар өзекті мәселелер бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар