Димаш Қазақстанды антиресейлік елге теңеген Байділдиновке өткір жауап берді

Көркем Алдабергенова 15 қаз. 2025 14:14

Әлемге әйгілі әнші, Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген сарапшы Олжас Байділдиновтің "Қазақстан антиресейге айналып бара жатыр" деген сөзіне жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Байділдинов не деген еді? 

Олжас Байділдинов Қазақстандағы тілдік жағдай мен аймақ елдеріндегі жастардың орыс тілін білмеу мәселесіне тоқталған. Оның айтуынша, бұл құбылыс Ресей үшін де маңызды әлеуметтік әрі идеологиялық факторға айналып келеді.

"Қазір қазақ тілінде оқытылатын сыныптар – 70 пайыз, ал орыс тілінде оқытылатын сыныптар – шамамен 30 пайыз ғана. Яғни, оқыту жүйесінде қазақ тілінің басымдығы айқын. Бұрынғыдай Ресей өз мектептерін ашу керек пе деген сұрақ туындайды, бірақ бұл қадам ел ішінде қарсылық тудыруы мүмкін", – деді Байділдинов.

Ол, сонымен қатар, Орталық Азия елдеріндегі жастардың көпшілігі орыс тілін білмейтінін, бұл жағдай Ресейге миграциялық тұрғыдан да әсер етіп жатқанын айтты.

"Қазақстанның оңтүстігінен әрі қарайғы елдерде жастар орысша сөйлемейді. Бұл Ресей үшін де мәселе – мигранттардың сапасы төмендеп барады. Мұның әсерін біз алдағы жылдары анық байқаймыз", – дейді сарапшы.

Байділдинов жеке тәжірибесін мысалға келтірді.

"Былтыр Қытайға ұштым, "Алматы–Үрімжі" рейсімен. Сол рейсте Қытайға бағыт алған түрлі елдің азаматтары болды. Шекарада көргенім – жастар орысша да, қытайша да сөйлей алмайды. Олар онлайн-аудармашы арқылы түсінісіп тұр. Ал қытай шекарашылары керісінше, еркін орысша сөйлейді. Мұндайды көріп таңғаласың", – деді ол.

Саясаттанушының пікірінше, бұл тек тілдік емес, идеологиялық мәселе де болып отыр.

"Меніңше, бұл идеологиялық бағытта жұмыс істейтін сала. Қазақстанды Украинадағыдай "антиресейлік" бағыттағы елге айналдыруға талпыныстар бар сияқты. Сондықтан мұндай тенденцияларға бейжай қарауға болмайды", – деді Олжас Байділдинов.

Димаштың жауабы

Сарапшының бұл сөзінше әнші Димаш Құдайберген өткір жауап берді. 

"Біз, қазақтар, әлемнің барлық тілін құрметтейміз. Бірақ құрмет өзіңнен басталады. Өз тілінен өзгенің мақұлдауы үшін ұялған адам сөзін емес, тамырын жоғалтады. Олжас, сен сияқты арандатушыны жұмыстан шығарады деп үміттенемін, өйткені сен қорқақ кішкентай бала секілдісің. Қазақша жазбадым, өйткені сен қазақ тілін білмейсің", - дейді Димаш. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар