“Қанымыз бір”: Лукашенко қазақтар туралы пікір білдірді

“Қанымыз бір”: Лукашенко қазақтар туралы пікір білдірді
Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Минскіге ресми сапармен барды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ресми сапар аясында Қазақстан премьер-министрін Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко қабылдады. Олжас Бектенов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемі мен шынайы лебізін жеткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Беларусь арасында ұзақ жылға ұласқан достыққа, өзара құрмет пен жоғары деңгейдегі сенімге арқау болған тығыз байланыс қалыптасқаны айтылды.

Александр Лукашенко Қазақстан мен Беларусь халқын "жақын халықтар" деп атап, екі елді тек әріптестік қарым-қатынас емес, ортақ тарих та байланыстыратынын айтты. 

"Бөтен адамдарға келмегендеріңізді білулеріңіз керек. Бізді қан байланыстырады", - деді Лукашенко.

Ол Ұлы Отан соғысы кезінде мыңдаған қазақстандық Беларусь аумағында соғысқанын еске салды. Лукашенко Қазақстанмен қарым-қатынас дамып келе жатқанын айтып, Минск машина жасау, ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар және басқа да салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, арада талқыланбайтын мәселе жоқ.