Каспийдегі “Хазар қорғаны – 2026” әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған 14 сарбаздың жақындарына бөлінетін көмек көлемі шамамен 3,5 млрд теңгеге жетті. Dalanews.kz редакциясы ашық деректерді жинақтап, жарияланған сомаларды қайта есептеп шықты.
Ең көп қаржылай көмекті “Әділет” партиясы ұсынды
Көмек көрсетуге бағытталған ең ірі бастаманы “Әділет” партиясы мен оның Іскерлік кеңесі көтерді. Олар қаза болған сарбаздардың жақындары мен жарақат алған әскери қызметшілерді қолдауға 1,5 млрд теңге жинағанын хабарлады. Жиналған қаражат “Ұлттық рух” қоғамдық бірлестігінің есепшотына аударылады.
Қазақстан Халық кеңесі қанша қаражат бөлмек?
Қазақстан Халық кеңесінің 17 мүшесі марқұмдардың отбасыларына 815 млн теңге көлемінде көмек көрсететінін мәлімдеді. Андрей Лаврентьев пен Шахмұрат Мүтәліп әр отбасыға 25 млн теңгеден беруге уәде еткен.
Бұдан бөлек, Гаджи Гаджиев 100 млн теңге, Жұмабек Жанықұлов 50 млн теңге бөлуге дайын екенін жеткізді. Тағы бірнеше кәсіпкер 1 млн теңгеден 10 млн теңгеге дейін көмек ұсынған.
Осылайша, Халық кеңесі жариялаған 815 млн теңге кейінгі жағдайға сай қайта есептелсе, шамамен 915 млн теңгеге жетуі мүмкін. Алайда кеңес жаңартылған жалпы соманы ресми түрде жариялаған жоқ.
Депутаттар мен партиялар да қаражат жинаған
Құрылтай төрағасы мен депутаттары қайғылы жағдайдан зардап шеккен отбасыларға өз қаражатынан 146 млн 650 мың теңге жинаған. Бұл ақша да “Ұлттық рух” қоғамдық бірлестігі арқылы беріледі.
Respublica партиясы тағы 100 млн теңге бөлетінін хабарласа, “Ақ жол” құрамындағы шағын және орта бизнес өкілдері 50 млн теңгеден астам қаражат жинаған.
Beles құрылыс компаниясы 100 млн теңге көлемінде көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Bank RBK тарапынан 20 млн теңге бөлінетіні жөнінде де ақпарат тарады.
Қайырымдылық қорлары 700 млн теңге береді
Halyk қайырымдылық қоры мен Болат Өтемұратов қоры қаза тапқан 14 әскери қызметшінің отбасыларына 25 млн теңгеден беретінін мәлімдеді. Сонда бір қордан бөлінетін қаржы 350 млн теңгені құрайды. Екі қордың көмегін қосқанда 700 млн теңге шығады.
Жалпы сома
Жарияланған сомаларды жинақтап есептегенде, Халық кеңесінің 815 млн теңгесі, екі қайырымдылық қорынан берілетін 700 млн теңге, “Әділет” партиясының 1,5 млрд теңгесі, Құрылтай депутаттарының 146,65 млн теңгесі, Respublica партиясының 100 млн теңгесі, “Ақ жол” кәсіпкерлерінің кемінде 50 млн теңгесі және Beles компаниясының 100 млн теңгесі шығады.
Bank RBK-ға қатысты ресми түрде расталмаған 20 млн теңгені де есепке қоссақ, жалпы сома 3 млрд 431 млн 650 мың теңгеге жетеді.
Ал Халық кеңесінің екі мүшесі 14 отбасының әрқайсысына 25 млн теңгеден берсе, бастапқы есепке тағы 100 млн теңге қосылады. Бұл жағдайда жарияланған көмектің жалпы көлемі шамамен 3 млрд 531 млн 650 мың теңге болады.
Мемлекеттік өтемақы бөлек төленеді
Кәсіпкерлер мен ұйымдар жариялаған миллиардтарға мемлекеттік төлемдер қосылмаған.
Мерзімді әскери қызметте болған сарбаздың мұрагерлеріне 500 айлық есептік көрсеткіш ( 2 млн 162,5 мың теңге) мөлшерінде өтемақы беріледі. Қаза тапқан әскери қызметшілердің мәртебесі мен жалақысы әртүрлі болғандықтан, мемлекет төлейтін қаражаттың жалпы көлемін қазір нақты есептеу мүмкін емес.