Жоғары сынып оқушыларына гинеколог кеңесі енгізілуі мүмкін

Асель Қайратқызы 15 қаз. 2025 16:19

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице- министрі Тимур Сұлтанғазиев Мәжіліс кулуарында бүгінгі таңда жоғары сынып оқушыларын акушер- гинеколог мамандарының кеңесімен қамту мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін Ақтөбе облысында мектеп оқушысының босануынан кейін қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді. Оқушы қыз үш рет медициналық тексеруден өткенімен, ешбірінде жүктілік анықталмаған.

Вице- министрдің айтуынша, қыз бала нақты кәсіби тексеруден өтпеген.

- Биылғы жылдың наурыз айының басында скринингтік тексеру болған. Бұл – жүктіліктің өте ерте кезеңі, сол себепті оны байқау мүмкін болмаған. Оның үстіне, біздің скринингтерде акушер- гинеколог маманы қарастырылмаған, тек офтальмолог пен лор ғана бар. Бұл жағдайда ата- аналар да, жақындары да, мұғалімдер де ештеңе білмеген. Сондықтан ешқандай тексеріс те, шағым да болмаған, - деп түсіндірді Сұлтанғазиев.

Енді Денсаулық сақтау министрлігі жоғары сынып оқушыларына гинеколог қабылдауын енгізуді жоспарлап отыр.

- Қазір бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Бірақ түсіну керек, қыз бала- 14 жаста. Біз гинеколог мамандарының жұмысын қарастырудамыз. Мүмкін, жоғары сыныптарда акушер- гинекологтардың қабылдауын енгізетін шығармыз. Бұл нақты болған жағдаймен тікелей байланысты емес. Жалпы алғанда, жасөспірімдердің акушер- гинекологқа барып, кеңес алуының қажеттілігі туралы мәселе бізде бұрыннан қозғалып келеді. Қазіргі уақытта медициналық көмекті ұйымдастыру стандарты аясында осы мәселені жан- жақты зерттеп, талдап жатырмыз,- деді вице- министр Тимур Сұлтанғазиев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар