Қаржы саласының сарапшысы Арман Бейсембаев қазір биржадағы баға 521 теңгеге барып алғанын айтады. Ол жақын арада мұнай бағасы тұрақтамаса, онда ертең-бүрсүнгі 1 АҚШ доллары 530 теңгеге барып алуы мүмкін екенін, ал арғы айларда 545-550 теңге аралығын ұстау ықтималдылығын болжайды. Одан бөлек, 560-565 теңге дәлізіндегі контрфаза деген тағы бар, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Арман Бейсембаев мұнай бағасы құласа, теңге де құнсыздана беретінін нақтылайды. Егер мұнайдың бір баррелі 50 долларға дейін түссе, оның болжамынша, 1 АҚШ доллары 580 теңге болып қалады, онда да бұл жыл соңына қарай орын алуы ықтимал жағдай.
"Бұл арада мына нәрсені баса айта кеткім келеді. Мұнай нарығындағы баға тұрлаусыз. Ол бір бағаны үнемі сақтап тұрмайды. Ол бірде өссе, бірде төмендеп отырады. Қазіргі жағдайда, әрине АҚШ президенті Трамптың тариф саясаты нарықтарға теріс ықпал етуде. Соның ішінде әлемдік мұнай нарығына да. "Жығылғанға жұдырық" демекші, ОПЕК+ ұйымы да бұған дейінгі саясатынан бас тартып, мұнай өндірісі көлемін арттыратынын жариялады. Айналып келгенде, осы екі фактор әлемдік нарықтарда қазір дауыл туғызуда", - дейді ол.
Сарапшы нақ осы екі фактор мұнай нарығында профицит тудыратынын болжайды.
"Мұнайға қатысты араб елдерінің соңғы шешімі жарияланған кезде Bloomberg басылымында "ОПЕК осылайша Қазақстанды жазалауда" деген мақала жарияланды. Яғни, баға жоғары әрі қолайлы кезде өндірісті қысқартпасаңыздар, онда түсірейік дегені ғой. Белгіленген квотадан асыра мұнай өндіріп жатқан басқа да елдер бар. Онсыз да бізде мұнай өндіру қымбат, кейде оны өзіндік құнынан да төмен сатып жатамыз. Баға төмендесе, шикізатты игеруші елдер ұсынысты еріксіз азайтады, кім тауарын арзанға сатқысы келеді дейсіз. Сөйтіп баға біртіндеп реттелуі керек", - дейді маман.
Оның айтуынша, қазіргі баға күздегі, не болмаса 2026 жылдың бюджетіне қатысты.
"Мұнай бойынша келісімшарттар 3-6 айға жасалады. Одан бөлек бір жылға арналған жасырын келісімшарттар болады. Онда баға алдын ала белгіленеді. Сондықтан мұнай нарығындағы бүгінгі баға күздегі, не болмаса 2026 жылдың басындағы бюджетке қатысты болмақ", - дейді ол.
Бұған дейін сайтымызда "Теңге құнсызданып жатыр". Сарапшылар АҚШ долларына қатысты өз болжамдарымен бөлісті" деген материал жарияланған болатын.