Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовке арналған XIII облыстық ашық шахмат турнирі оның туған ауылы Жайылмада өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы өнер иесінің жары Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол шараның "Тұлғаға тағзым. Ұрпаққа өнеге" деген атаумен ұйымдастырылғанын атап өтті.
Бағдат Әшімова өз жазбасында аудан әкімшілігіне, ел азаматтарына және іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан жандарға алғыс білдірді.
"Аудан әкімшілігіне, ел азаматтарына үлкен рахмет. Жерлес азаматтарын ұлықтап, жас ұрпаққа өшпес мұра қалдырып отыр. Бұл тарих тақтасында қалатын күн болды", – деп жазды ол.
Айта кетейік, Асанәлі Әшімов – қазақ киносы мен театрының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға. Оның құрметіне туған ауылында ұйымдастырылған шахмат турнирі жас ұрпаққа өнеге көрсетіп, елге еңбегі сіңген азаматтарды ұлықтаудың жарқын үлгісі ретінде бағаланды.