Кейінгі аптада Қазақстанның саяси алаңында бірқатар маңызды өзгерістер болды. Билік жүйесіндегі трансформация, партиялық кеңістіктің қайта қалыптасуы және жаңа саяси тұлғалардың алға шығуы елдегі саяси процестердің жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетті. Бұл өзгерістерге отандық сарапшылар ғана емес, халықаралық ақпарат құралдары да назар аудара бастады. Осы тұста, Dalanews.kz елдегі соңғы саяси оқиғаларға шолу жасады.
Еспаеваның жаңа белесі
Кейінгі жылдары Қазақстан саясатында көптеген жаңа есімдер пайда болды. Соған қарамастан Дания Еспаева саяси салмағын жоғалтқан жоқ.
Президент сайлауына қатысқан алғашқы әйел саясаткер ретінде танылған Еспаева бүгінде тәжірибелі парламентшілердің бірі саналады. AMANAT пен «Әділеттің» бірігуі нәтижесінде қалыптасып жатқан жаңа саяси жағдайда да оның есімі ықпалды саясаткерлер қатарында аталып жүр.
Бұл Еспаеваның партиялық және парламенттік саясатта маңызды ойыншылардың бірі болып қала беретінін көрсетеді. Сондықтан оның кейінгі саяси қадамдары қоғам назарында қала бермек.
Перуашев енді оппозицияға кете ме?
AMANAT пен «Әділеттің» бірігуінен кейін Қазақстанның партиялық кеңістігінде жаңа жағдай қалыптасты. Бұл өзгерістер «Ақ жол» партиясының да алдағы бағытына әсер етпей қоймайды. Сондықтан сарапшылар Азат Перуашев жетекшілік ететін партияның жаңа саяси жағдайда қандай ұстаным таңдайтынын жіті бақылап отыр.
Алайда Перуашев әзірге билікке қарсы ашық оппозициялық бағытқа бет бұрған жоқ. Керісінше, ол AMANAT пен «Әділет» партияларының бірігуін қолдап, бұл шешімді оң бағалады. Сондықтан жақын уақытта «Ақ жолдың» радикалды оппозиция қатарына өту ықтималдығы төмен көрінеді. Дегенмен жаңа саяси конфигурация жағдайында партияның өз орнын айқындауы маңызды міндет болып қала береді.
Дәдебай бұл жолы дайындықпен келген бе?
Кейінгі айларда саясат сахнасында жиі атала бастаған тұлғалардың бірі – Айбек Дәдебай. Президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы қысқа уақыт ішінде жаңадан құрылған «Әділет» партиясының көшбасшысына айналды.
Партия құрамына танымал кәсіпкерлердің, қоғам қайраткерлерінің, сарапшылардың және ірі менеджерлердің тартылуы бұл жобаның алдын ала мұқият дайындалғанын аңғартады.
Саяси бақылаушылардың пікірінше, Дәдебайдың басты артықшылығы – жаңа саяси брендті қысқа мерзім ішінде ұлттық деңгейге шығара алуы. Енді оның командасы алдағы парламенттік сайлау кезінде өзінің нақты саяси әлеуетін көрсетуі тиіс.
Биліктің қос партиясы бір арнаға тоғысты
Соңғы күндердегі ең маңызды оқиға – AMANAT партиясының «Әділет» партиясының құрамына қосылуы болды.
Партия съезінде бұл шешім бірауыздан қолдау тауып, Қазақстандағы ең ірі саяси ұйымдардың бірі жаңа құрылым құрамына енді. Ресми түсіндірмеде бұл қадам қоғамдық-саяси күштерді ұлттық мақсаттар төңірегіне топтастыруға бағытталғаны айтылды.
Сарапшылар аталған процесті Қасым-Жомарт Тоқаев кезеңіндегі саяси жүйені қайта форматтаудың маңызды кезеңдерінің бірі ретінде бағалап отыр.
Бұл өзгерістер халықаралық ақпарат құралдарының да назарынан тыс қалған жоқ.
Reuters қандай баға берді?
Әлемдегі ең ықпалды ақпарат агенттіктерінің бірі Reuters Қазақстандағы партиялық өзгерістерді кезекті саяси жаңалық ретінде емес, билік жүйесіндегі терең трансформацияның белгісі ретінде бағалады.
Агенттік AMANAT партиясының «Әділет» құрамына қосылуын президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан саяси реформалармен байланыстырады. Reuters мәліметінше, бұл өзгерістер Тоқаевтың президенттік мерзімі аяқталатын 2029 жылға дейінгі кезеңдегі саяси қайта құрулар аясында жүзеге асып жатыр.
Басылым Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі экономика әрі мұнай-газ өндіруші мемлекет екенін атап өтіп, биыл қабылданған жаңа Конституцияны кейбір сарапшылар болашақ билік транзитіне дайындықтың бір бөлігі ретінде қарастыратынын жазды.
Reuters тарихи сабақтастыққа да ерекше назар аударған. Агенттік дерегінше, AMANAT партиясы 1999 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған және осы уақытқа дейін барлық парламенттік сайлауда шешуші рөл атқарып келген. Енді оның орнына Тоқаевқа жақын тұлғалар құрған «Әділет» партиясы келіп отыр.
Сондай-ақ Reuters жаңа партия басшылығында мемлекет басшысына жақын адамдардың бар екенін атап өтіп, бұл өзгерісті Тоқаев кезеңіндегі жаңа саяси архитектураның қалыптасуы ретінде сипаттайды.
Агенттік 2022 жылғы Қаңтар оқиғасын да еске салады. Reuters мәліметінше, Тоқаев пен бірқатар халықаралық бақылаушылар сол кездегі тәртіпсіздіктерді бұрынғы билікке жақын ықпал топтарының әрекеті ретінде бағалаған. Сондықтан қазіргі өзгерістер сол оқиғалардан кейін басталған саяси қайта құрулардың жалғасы ретінде қарастырылып отыр.
Times of Central Asia бағасы
Times of Central Asia басылымы Қазақстандағы өзгерістерді тек ішкі саяси процесс ретінде емес, бүкіл Орталық Азиядағы партиялық жүйелердің даму контексінде қарастырады.
Басылымның пікірінше, Қазақстан партиялық жүйесінің соңғы жылдардағы ең маңызды бетбұрыстарының бірі жүзеге асып жатыр. Мәселе екі партияның бірігуінде ғана емес, президент реформаларын жүзеге асыратын жаңа саяси платформаның қалыптасуында.
Авторлар «Әділет» партиясының маңызы оның жаңадан тіркелген сегізінші партия болғанында емес, президенттік коалицияның жаңа тірегіне айналу ықтималдығында деп есептейді.
Басылым Қазақстанды көрші елдермен салыстырып, бүгінде елдің көппартиялы модель құру тәжірибесі аймақтағы өзге мемлекеттердің назарын аударып отырғанын атап өтеді.
Мақалада саясаттанушы Талғат Қалиевтің пікірі келтірілген. Ол екі бірдей билікшіл партияның қатар өмір сүруін мемлекеттік аппарат үшін қолайсыз жағдай деп бағалап, мұны «баладан қай ата-анасын көбірек жақсы көретінін сұраумен тең» жағдайға ұқсатқан.
Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішев партиялар арасындағы формалды бәсекелестік саяси тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін екенін айтып, институционалдық бірігуді анағұрлым тиімді шешім ретінде бағалаған.
Times of Central Asia қорытындысында қазіргі өзгерістер тек екі партияның тағдырын емес, алдағы сайлаудан кейін қалыптасатын жаңа саяси жүйенің келбетін анықтайтынын атап өтті.
Deutsche Welle не дейді?
Германияның Deutsche Welle басылымы Қазақстандағы өзгерістердің саяси-құқықтық салдарына көбірек назар аударған.
DW жазуынша, «Әділет» партиясы құрылғаннан кейін өте қысқа мерзім ішінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, елдегі негізгі саяси күштердің біріне айналды.
Басылым партия құрамында Айбек Дәдебайдан бөлек ірі кәсіпкерлердің, қаржы секторындағы тұлғалардың және ұлттық компаниялар жетекшілерінің бар екеніне назар аударады.
DW дереккөздерінің пікірінше, жаңа партия алдағы парламенттік сайлау қарсаңында Тоқаевтың негізгі саяси тірегіне айналуы мүмкін.
Сонымен қатар басылым бірқатар құқықтық мәселелерді көтереді. Саясаттанушы Эдуард Полетаев жаңа партия құрамына бұрынғы AMANAT-тың кадрлық әлеуеті мен өңірлік инфрақұрылымы қалай кіріктірілетіні маңызды сұрақ екенін айтқан.
Ал қоғам қайраткері Ғалым Байтук Мәжіліс депутаттарының мәртебесіне қатысты мәселе туындауы мүмкін екенін көтерген. Оның пікірінше, депутаттар халықтан AMANAT атынан мандат алғандықтан, партиялық құрылым өзгерген жағдайда бұл мәселе құқықтық тұрғыдан түсіндіруді қажет етеді.
DW сараптамасында тағы бір маңызды жайт айтылады. Егер бірігу толық жүзеге асса, жаңа партияның мүшелер саны бір миллион адамға жуықтауы мүмкін. Бұл оны Қазақстан тарихындағы ең ірі саяси ұйымдардың біріне айналдырады.
Қорытынды
Қазақстандағы соңғы саяси өзгерістер бір ғана партияның тағдырына қатысты мәселе емес. Бұл – саяси жүйенің жаңа кезеңге өтуінің белгісі.
Бір жағынан, Дания Еспаева секілді тәжірибелі саясаткерлердің ықпалы сақталып отыр. Екінші жағынан, Айбек Дәдебай бастаған жаңа буын саясаткерлері саяси кеңістіктегі орнын күшейтіп келеді. Ал AMANAT пен «Әділеттің» бірігуі билікшіл лагерьдің шоғырлануын көрсетеді.