Freedom Inside '26

"Қонақүйде тұрдық": Ақбаян Мұқанғалиева тергеуде ел естімеген шындықты айтты

"Қонақүйде тұрдық": Ақбаян Мұқанғалиева тергеуде ел естімеген шындықты айтты
kznews.kz коллажы

Атырау облысында төрт адамның өліміне қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша өткен сот отырысында жаңа бейнематериалдар қаралды. Сол жазбалардың бірінде сотталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиевадан жауап алынған сәт көрсетілді, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Сотта айтылған деректерге сәйкес, Ақбаян Мұқанғалиева психоневрологиялық диспансердің ақпараттық жүйесінде есепте тұрған. Қазіргі уақытта ол психиатриялық мекемеде ем қабылдап жатыр.

Судья Зарема Хамидуллина әйелдің тергеу кезінде берген жауабын оқып берді. Онда Мұқанғалиева Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылындағы мектепті тәмамдағанын, кейін Ақтөбедегі колледжде білім алғанын айтқан. Оқуын аяқтаған соң Атырауда түрлі ұйымдарда жұмыс істеген. 2016 жылы Сұлтан Сәрсемәлиевке тұрмысқа шыққан. Ерлі-зайыптының бес баласы бар.

Тергеу барысында Мұқанғалиева балаларының кейбірінің туған жылын ғана атай алған. Ал кенже баласының туған жылын есіне түсіре алмаған.

Сондай-ақ ол соңғы баласын дүниеге әкелгеннен кейін денсаулығында қиындықтар туындағанын жеткізген. Айтуынша, сол кезеңде Махамбет ауданында баласына енесі қараған. Әйел басы қатты ауырғанын, дәрігерлердің кеңесінен кейін күйеуімен бірге Түркияға тексерілуге барғанын айтқан.

"Мен басымды тексертіп, ем алдым. Түркияда күйеуім уақытша жұмыс істеді. Біз қонақүйде тұрдық. Мен көбіне ұйықтап жаттым. Телефоным болған жоқ, оны Сұлтан алып алған. Полиция мені және күйеуімді не үшін ұстағанын білмеймін", – деген ол жауап алу кезінде.

Бейнежазбада Мұқанғалиеваның бірқатар сұраққа нақты жауап бере алмағаны байқалады. Ол көп жағдайда «Білмеймін» деп жауап берген. Сонымен қатар тергеу әрекеттері кезінде шаршағанын айтып, кейбір сұрақтарға жауап беруден бас тартқан.

Сотта ұсынылған материалдарға сәйкес, кейін оған арнайы ем қабылдау ұсынылған.