Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданына қарасты Петрово ауылының тұрғындары басқа елдімекенге көшіріледі,- деп хабарлайды Dalanews.kz "Мой Город" басылымына сілтеме жасап.
Петрово ауылы мұнай мен газ өндірілетін Рожковское кен орнына жақын орналасқан. Жергілікті халық кен орнының қоршаған ортаға кері әсері бар екенін айтып, көшіруді өздері сұраған.
Аудан әкімі Марат Тоғжановтың айтуынша, ауыл санитарлық қорғау аймағына кірмесе де, тұрғындардың өтініші ескеріліп, көшіру туралы шешім қабылданған. Қазір қоныс аудару үшін қажетті қаражат пен құрылыс мәселесі қаралып жатыр.
– Петровода 16 отбасы тұрады. Олардың бірі – көпбалалы отбасы. Барлығын Январцево ауылына көшіру жоспарланып отыр. Бұл үшін сол ауылда жаңа тұрғын үйлер салынады. Қазір құрылыс неден басталатыны талқылануда. Жобаны жүзеге асыруға шамамен 300-350 миллион теңге қажет, – деді аудан басшысы.
Марат Тоғжанов облыс әкімдігінен қаржылай қолдау сұралатынын атап өтті. Айта кетейік, Петрово ауылында қазіргі таңда бастауыш мектеп жұмыс істейді.