Қазаэронавигация ұшу қауіпсіздігін арттыруға жаңа қадам жасап, Air Astana және SCAT авиакомпанияларымен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Қазаэронавигация» РМК еліміздің жетекші авиатасымалдаушылары –
«Air Astana» және «SCAT» компанияларымен стратегиялық ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Мұндағы негізгі мақсат – Қазақстан Республикасындағы әуе қозғалысы қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру үшін ұшқыш пен авиадиспетчер арасындағы өзара байланысты нығайту.
Жасалған шарт аясында ауқымды тәжірибе алмасу бағдарламасы бастау алмақ. 2025 жылдың соңына дейін бұл бастамаға «Air Astana» авиакомпаниясының 500-ден астам ұшқышы, «SCAT» компаниясының 50 ұшқышы, сондай-ақ «Қазаэронавигация» кәсіпорнының кемінде 200 авиадиспетчері қатысады. Екі тараптың өкілдері әріптестерінің қызмет ерекшелігімен жақынырақ танысу үшін бір-бірінің жұмыс орындарында болып, нақты жағдайлардағы өзара іс-қимылды пысықтай алады.
«Air Astana» мен «SCAT» авиакомпанияларының ұшқыштары Әуе қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесі орталықтарында болып, ұшу қауіпсіздігіне бірден бір әсері бар шешім қабылдау процесімен тікелей таныса алады. Өз кезегінде, авиадиспетчерлер экипаж жұмысының ерекшелігін іс жүзінде түсіну үшін бақылаушы ретінде пилот кабинасына отырып, көкке көтеріледі.
Бұдан бөлек, шарт шеңберінде авиадиспетчерлер стандартты емес және авариялық жағдайлар үлгісін көрсететін толық функционалды авиациялық симуляторда (FFS - Full Flight Simulator) ұшқыштардың жаттығуларына қатысады. Бұл Қазаэронавигация мамандарына ұшқыштардың қатты стресс жағдайында жедел әрекет етуге арналған іс-қимыл алгоритмдерін тереңірек зерделеуге, сондай-ақ тараптар арасындағы жалпы өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Бұл жай ғана келісім емес, бұл қауіпсіздік мәдениетіне жасалған инвестиция. Ынтымақтастығымыз артқан сайын ұшу қауіпсіздігі де арта түспек. Авиадиспетчерлер мен ұшқыштар арасындағы мұндай өзара іс-қимыл еліміздің бүкіл азаматтық авиация жүйесіне оң әсерін тигізетініне сенімдіміз», - деп атап өтті өз сөзінде «Қазаэронавигация» РМК бас директоры Нұржан Ахметов.
Өзара іс-қимылдың жаңа форматы өзара байланыс орнату кедергілерін жойып, операциялық қателер қаупін азайтады, ұшу барысындағы ақпарат алмасу жылдамдығы мен дәлдігін арттырады.
Айта кетейік, 2024 жылы еліміздің әуе кеңістігінде "Қазаэронавигация" РМК мамандары 446 106 рейске қызмет көрсетті, оның ішінде 111 850 қазақстандық және 334 256 шетелдік авиакомпания.