Халық кредитке емес, тамаққа көп ақша жұмсайтын болып шықты

Көркем Алдабергенова 30 сәу. 2025 10:28 190

Сарапшылар халықтың табысы көбейіп жатқанымен, шығыстары да соған сай үнемі артып келе жатқанын айтады. Ең басты назар аударарлық жайт – тұрғындар табысының жартысынан астамын тек азық-түлікке жұмсап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұл нені білдіреді? Халықтың тұтыну деңгейі көтерілді ме, әлде инфляцияның әсері ме?

Шығын құрылымы және күмән тудыратын есептер

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазақстандықтар табысының 50,6 пайызын азық-түлікке, 22,4 пайызын азық-түлікке жатпайтын тауарларға, 18 пайызын ақылы қызметтерге, ал қалған 6,6 пайызын кредит пен қарыз өтеуге жұмсайды. Атап өтерлігі, тұтынуға байланысты шығындар айтарлықтай ұлғайған.

Мысалы, Маңғыстау және Түркістан облыстарының тұрғындары табыстарының 59,6 пайызын азық-түлікке жұмсаған.

Бюро халықтың жан басына шаққандағы жылдық орташа табысын 1 328 907 теңге деп көрсеткен. Оның ішінде 627 427 теңгесі азық-түлікке (айына шамамен 56 035 теңге), ал 87 707 теңгесі несиелерге жұмсалады делінген. Бірақ бұл есепте күмән тудыратын тұстар бар: тұтынушылық несие көлемі өсіп жатқан кезде несиені өтеуге осынша аз қаржы жұмсалды деу қисынға келе бермейді.

Орташа табыс пен нақты шығын сәйкесе ме?
Сарапшылар бұған дейін де халық табысының көп бөлігі азық-түлікке кететінін айтып келген. Бірақ олар есепті жылдық емес, айлық табыс көлеміне қарап жасайтын. Мысал үшін, 2024 жылдың соңғы тоқсанында орташа айлық жалақы 434 982 теңге болды. Оның 50,6 пайызы – шамамен 220 101 теңге – азық-түлікке жұмсалған деп есептеледі. Бірақ бұл жерде де мәселе бар: 6,6 пайыз (28 709 теңге) несиеге жұмсалады деу – өмір шындығына сай келмейді. Несиелік төлемдер мұнан әлдеқайда жоғары.

Азық-түлікке шығынның артуын инфляциямен байланыстыру – табиғи рефлекс. Алайда ресми органдар 2024 жылы инфляция аса жоғары болмағанын айтады. Мысалы, азық-түлік инфляциясы небәрі 5,5 пайыз деңгейінде болған. Бірақ тұрғындар шынайы өмірде мүлде басқа жағдайды сезінуде.

Осыған сүйене отырып, сарапшылар табыс пен шығын туралы ресми статистика қайта қаралып, нақтылануы тиіс деген пікірде. Себебі қазіргі деректер азаматтардың күнделікті өмірдегі қаржылық жүктемесімен сәйкес келмей отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар