Қарағандыда полиция есірткі өндіретін жасырын зертхананы әшкереледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
5 қараша күні полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық прокуратураның көмегімен Қарағанды қаласының Сортировка кентінде кең ауқымды арнайы операция өткізді.
Операция барысында жасы 28 бен 30 аралығындағы екі облыс тұрғыны синтетикалық есірткі өндіруге арналған жасырын зертхана ұйымдастырды деген күдікпен ұсталды.
Тінту кезінде тәртіп сақшылары жалдамалы үйден бір тоннадан астам прекурсор мен 52 келіден астам дайын есірткі заты - Альфа-PVP затын тәркіледі.
Сонымен қатар есірткі өндіруге арналған құрал-жабдықтар: электронды таразылар, араластырғыштар, кептіргіштер, вакуумдағыштар, контейнерлер және өзге де техникалық құрылғылар анықталып, айғақ зат ретінде алынды.
"Операция нәтижесінде шамамен 173 мың доза синтетикалық есірткінің қара нарыққа түсуінің жолы кесілді. Сондай-ақ азаматтар арасынан жаңа “курьерлер” мен жасырын таратушылардың қылмыстық іске тартылуына жол берілмеді", - деді Қарағанды облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ғалымжан Бекболатов.
Алдын ала тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер үйді зертхана ашу мақсатында жалдап, психотроптық заттарды куратордың нұсқауымен дайындаған. Ал еңбекақылары криптовалюта түрінде төленіп отырған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
