"Мені өз үйімнен күштеп шығармақ": әнші Индира Елемес Президенттен көмек сұрады

Көркем Алдабергенова 06 қар. 2025 12:40

Әнші Индира Елемес өз құқығының бұзылғанын айтып, Президентке ашық үндеу жолдады. Ол 2018 жылдан бері балаларымен бірге Алматыдағы тұрғын үй кешенінде тұрып жатқанын және үш пәтерді жеке қаражатымен «РАМС» корпорациясының рұқсатымен сатып алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Бұрынғы күйеуім түрмеде отырып, менің пәтерімді сатып жіберген»

Индираның айтуынша, ол тұрып жатқан пәтерді үй кешенінің құрылыс компаниясының иесі Бүлбүл Рамазан 25 миллион теңгеге сатып алған.

"Бұл пәтердің нарықтық құны шамамен 125 миллион теңге", – дейді Елемес. – Бірақ ол құжат жүзінде 25 миллион теңгеге сатылып, менің және балаларымның үйінен қуылуына негіз жасалды.

Әншінің айтуынша, бұл мәміле 2025 жылдың 5 қыркүйегінде жасалған. Ал ол туралы Индира жақында ғана білген. Ең сорақысы, келісімге оның бұрынғы күйеуі, қазір Алматыдағы №72 түзету мекемесінде қамауда отырған Кәлелхан Иманмади қатысқан болып шыққан.

"Қалайша түрмеде отырған адам менің атымнан келісімшартты бұзып, құрылыс компаниясына хат жазып, 25 миллион теңгені қайтарып алады?" – деп сұрайды ол. – Әлде ол бір күнге түрмеден шығуға рұқсат алды ма, әлде сол жерден хат пен түбіртекті телефон арқылы жіберді ме?

«Көлігімді үш есе арзанға сатып жіберген»

Индира Елемес бұрынғы күйеуі түрмеде отырып та сот орындаушыларымен байланысқа шығып, мүлкіне зиян келтіргенін айтады.

"Иманмади сот орындаушысы Әділ Байжуманова дегенмен байланысып, менің көлігімді нарық бағасынан үш есе арзанға сатып жіберген", – дейді ол. – Сонымен қатар ол Instagram желісінде белсенді, менің ар-намысыма тиетін жазбалар жариялап, маған және туыстарыма қоқан-лоқы жасап отыр.

«Полиция қылмыстық іс қозғаудан бас тартты»

Әншінің айтуынша, ол Медеу аудандық полиция басқармасына арыз түсірген. Бірақ ондағылар «қылмыстық құрам жоқ» деп, іс қозғаудан бас тартқан.

"Менің пәтерімді тартып алу әрекетінде аса ірі көлемде және топ болып жасалған ауыр қылмыстың белгілері бар", – дейді ол. – Соған қарамастан, полиция әрекетсіз отыр.

«Президент, мені және балаларымды қорғаңыз»

Индира Елемес өз үндеуінде Мемлекет басшысына тікелей жүгінді:

"Құрметті Президент, мен Сізден мені және балаларымды қорғауды сұраймын. Мемлекеттік органдар іс жүзінде формалды жауаптармен шектеліп, мәселені шешудің орнына өз бетінше басқарып отыр. Мен заңсыздықтың құрбаны болдым", – деді әнші.

Қазір Индира Елемес пәтерін рейдерлік жолмен тартып алу әрекетіне қатысты әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр.

Еске салайық, Алматыда әнші Индира Елеместің бұрынғы күйеуі және ҰҚК-нің экс-басшысы Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымхан Мәсімовтің серіктесі болған Кәлелхан Иманмәди алты жылға сотталған болатын. 

Ол Мәсімовтер отбасымен бірге «Мәсімовтің сауықтыру орталығын» (кейін «Раяна» деп өзгертілген) басқарған. Бұл орталық медициналық тест-жолақтарды ауруханаларға жеткізумен айналысқан. Иманмәди Мәсімовтермен бірге қоғамдық шараларда жиі көрінетін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар