Енді концертке 200-ден көп адам келсе фонограммаға тыйым салынуы мүмкін

Көркем Алдабергенова 06 қар. 2025 11:35

Бүгін Сенатта мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау салаларындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасы қаралды. Құжат Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәдениет саласындағы түзетулер

Сенаторлар заңның негізгі тұжырымдамасын қолдап, бірқатар баптарға жаңа редакциялар ұсынды.
Енді 200 және одан көп көрермен қатысатын концерттерде фонограмма (вокалдық жазба) қолдануға тыйым салынады.

Фонограмма тек телевизиялық контент жасау кезінде немесе концерт өткізуге бейімделмеген орындарда ғана пайдаланылуы мүмкін.

Сондай-ақ фонограмма қолданылғаны туралы көрерменді алдын ала хабарлау міндеті заңмен бекітілді. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда шығарманы қолдану кезінде автордың аты-жөнін көрсету талабы нақтыланды.

Білім және әлеуметтік бағыттар

Заң жобасында білім саласына да маңызды жаңалықтар енгізілген:

Балабақша салу үшін резервке қойылған жерлерді жеке меншікке беруге тыйым салынады;

Жоғары оқу орындары мен колледждерге мемлекеттік білім беру тапсырысы олардың рейтингіне қарай бөлінеді;

Шетелде магистратура, аспирантура, докторантура немесе резидентура бағдарламалары бойынша оқыған түлектерге міндетті еңбек өтелімін кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі;

Мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған немесе І топтағы мүгедекке күтім жасап жүрген түлектер міндетті еңбек өтелімінен босатылады;

Халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары мен олардың жетекшілеріне біржолғы сыйақы төлеу тәртібі енгізіледі.

Басқа маңызды түзетулер

Сонымен қатар заң жобасы:

Білім беру ұйымдарына әйгілі тұлғалардың есімін беру немесе атауын өзгерту кезінде Ономастика комиссиясымен келісу тәртібін енгізеді;

Мемлекеттік кітапханаларға мәдени-ағартушылық және білім беру іс-шараларын өткізу құқығын береді;

Акиматтарға кітап қоры мен кітапхана жүйесін сақтау және дамыту жөніндегі жаңа міндеттер жүктейді.

Сенат енгізген толықтырулар мен түзетулер ескерілген заң жобасы қайтадан Мәжіліске қайтарылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар