«Қайрат» «Интерге» лайықты қарсылас бола алды

Ақтоты Жапатова 06 қар. 2025 09:45

Алматылық «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде Италияның әйгілі «Интер» командасымен кездесті. Матч Миландағы аңызға айналған «Сан-Сиро» стадионында өтіп, 2:1 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бірінші таймда италиялықтар басымдық танытқанымен, қазақстандық команда да бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Эдмилсонның баспен бағыттаған соққысын қақпашы Ян Зоммер тойтарса, Дастан Сәтпаевтың алыстан тепкен добы маңдайшаға тиді. Осыдан кейін Лаутаро Мартинес есеп ашып, «Интерді» алға шығарды.

Екінші таймда «Қайрат» қорғаныста сенімді ойнап, шабуылда белсенділік танытты. Бұрыштама добынан кейін қорғаушы Офри Арад баспен соққы жасап, есепті теңестірді. Дегенмен соңғы минуттарда Карлос Аугустоның дәл соққысы «Интерге» жеңіс әкелді – 2:1.

Ойын барысында «Қайрат» тәжірибелі қарсыласына лайықты қарсылық көрсетіп, жанкүйерлердің құрметіне ие болды. Келесі кездесуде алматылықтар 26 қараша күні сырт алаңда даттың «Копенгагенімен» ойнайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар