Алматыда 12 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Қайғылы оқиға бойынша күдікке ілінген кәмелетке толмаған бала мамандандырылған арнайы мекемеге орналастырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, Түрксіб ауданында болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тәжірибелі тергеушілер мен жедел уәкілдерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылған. Қазіргі таңда оқиға орны мен оған жақын маңдағы бейнебақылау камераларының жазбалары, сондай-ақ іске қатысы болуы мүмкін басқа да цифрлық деректер мұқият тексеріліп, қылмыстық іс материалдарына тіркелген.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек тергеу аясында барлық болжамдар мен нұсқалар қаралып жатқанын айтты.
"Оқиға орны мен оған іргелес аумақтардағы бейнежазбалар, сондай-ақ болған жағдайдың объективті көрінісін анықтауға маңызы бар өзге де цифрлық деректер зерттеліп, іс материалдарына қосылды. Барлық уәждер мен нұсқалар тексеріліп жатыр", – деді ол.
Алдын ала мәлімет бойынша, ауыр қылмысқа бір кәмелетке толмаған жасөспірімнің қатысы бар екені анықталған. Ол ұсталып, мамандандырылған арнайы мекемеге оқшауланды.
Полицияның хабарлауынша, екі жасөспірімнің арасында бұрыннан келіспеушілік болған. Олардың арасындағы жанжал өзара араздықтан туындап, арты пышақ қолданылған қайғылы оқиғаға ұласқан.
Салтанат Әзірбектің айтуынша, қолда бар бейнежазбалар мен хат алмасуларға сәйкес, қаза тапқан жасөспірім күдіктінің тұрғылықты жеріне өзара мәселені шешу үшін барғаны алдын ала анықталған.
"Қазіргі уақытта жәбірленуші тарапқа істің барлық мән-жайы түсіндірілді", – деп толықтырды полиция өкілі.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 12 жастағы мектеп оқушысының көптеген пышақ жарақатынан көз жұмғаны хабарланған еді. Бұл іске күдікті ретінде 13 жастағы жасөспірім қарастырылып жатыр. Марқұмның жақындары күдіктінің кәмелетке толмағанына байланысты оның заң алдында тиісті жауапкершілікке тартылмай қалуы мүмкін деп алаңдаулы.