Алматыда құрылыс жүргізуге қатысты маңызды құжат бекітілді

Көркем Алдабергенова 06 қар. 2025 10:20

Алматы мәслихаты қала құрылысына қатысты жаңа ережелерді қабылдады. №247 шешім 2025 жылдың 29 қазанында қабылданып, 15 қарашадан бастап күшіне енеді. Құжатта ғимараттардың биіктігіне шектеу мен тұрғын үй салуға болмайтын аймақтар нақты көрсетілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үш қабаттан биік үйге тыйым

Жаңа ережеге сай, Талғар тас жолының, Шығыс айналма жолының (ШААЖ), Әл-Фараби даңғылының, Саин және Жандосов көшелерінің оңтүстігінде, яғни қаланың жоғарғы бөлігіне жататын аумақта үш қабаттан биік ғимарат салуға болмайды. Бұл биіктікке жертөле қабаты да кіреді.

Мұндай үйлердің ең жоғары нүктесі 12 метрден аспауы тиіс, тек өрт сатысына арналған шағын шығыңқы бөлік (10 шаршы метрден аспайтын) орнатуға рұқсат етіледі.

Ерекше жағдайлар

Бұл шектеулер мектептерге, ауруханаларға, мәдениет және діни нысандарға жүрмейді. Олардың биіктігі 25 метрге дейін болуы мүмкін.

Ал белгіленген аймақтарда көпқабатты тұрғын үйлер мен ірі тұрғын кешендерін салуға болмайды. Ерекшелік тек әлеуметтік және туристік нысандарға жасалған, егер олар қаланың Бас жоспарына енгізілсе ғана.

Жер бөлуге қатысты тыйым

Жаңа ережелерге сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді бөліп беру және беткейі 15 градустан жоғары еңіс жерлерде құрылыс салу - соның ішінде таулы аймақтарда - тыйым салынған.

Қаланың келбетін сақтау - басты мақсат

Алматының сәулеттік келбетін қорғау басты назарда. Енді тығыз құрылысқа және бар үйлердің арасына жаңа ғимарат тұрғызуға тыйым салынады.

Тек әлеуметтік нысандар, туристік инфрақұрылым және жерасты автотұрақтары бұл ережеден босатылған, бірақ жер учаскесін кейін қалпына келтіру міндетті.

Бұған дейін мұндай шектеулер тек қаланың тарихи орталығына, яғни Райымбек даңғылының оңтүстігіне, Шығыс айналма жолының батысына, Әл-Фарабидің солтүстігіне және Розыбакиев көшесінің шығысына дейінгі аумаққа ғана қатысты болатын.

Енді бұл талаптар Алматының оңтүстік бөлігіне де қатысты.

Қысқаша айтқанда, жаңа қағида Алматының экологиялық және сәулеттік тепе-теңдігін сақтауға бағытталған: тау бөктерінде биік үйлерге жол жоқ, ал жасыл аймақтар мен табиғи бедер енді заңмен қорғалмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар