2022 жылдан бері енгізілген «Google салығының» арқасында шетелдік интернет-компаниялар Қазақстан бюджетіне 118,4 млрд теңге аударған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
12 пайыздық салық Қазақстан азаматтарына цифрлық қызмет көрсететін шетелдік компаниялардан алынады. Қазір осындай 118 ұйым тіркелген, олардың қатарында OpenAI, Microsoft және Chess.com бар.
2025 жылы бұл компаниялар 48,6 млрд теңге салық төлеген. Ең ірі төлеушілер қатарында Valve Corporation (8,6 млрд теңге), Apple (8 млрд) және Temu (6,2 млрд) компаниялары аталды.
Комитет мәліметінше, Қазақстан бұл ретте халықаралық тәжірибеге сүйеніп отыр. Ұқсас салықтар Еуропалық одақта, Ұлыбританияда, Үндістанда, Канадада және өңірдегі басқа елдерде де қолданылады.
