Абай облысында мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті

Ақтоты Жапатова 30 сәу. 2025 14:08 182

Бүгін Абай облысы мәслихатының кезектен тыс 27-інші сессиясы өтті. Отырысқа облыс әкімі Берік Уәли, мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, депутаттар, тиісті басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Сессия барысында 2025–2027 жылдарға арналған облыстық бюджетке және Абай облысы мәслихатының тұрақты комиссиясы құрамына өзгеріс енгізу мәселелері қаралды.

Бірінші мәселе бойынша облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Роза Құдайбергенқызы баяндама жасады. Жаңа өзгерістер аймақтың алдағы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларына сәйкес әзірленген.

Сессия барысында депутаттар тарапынан мәдениет нысандарын салу, дәрі-дәрмекпен қамтуға қатысты депутаттық сауалдар жолданды.

Отырыс соңында сөз алған аймақ басшысы депутаттарға облыстық бюджетке енгізілген өзгерістерді қолдағаны үшін алғыс білдіріп, алда ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті. Өңірдегі өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін айтты.

«Салалық министрліктерге 107,7 миллиард теңгеге 169 жоба бойынша республикалық бюджеттен трансферттер алу үшін бюджеттік өтінімдер жолданды. Өңірлерге шығу қорытындысы бойынша халықтың өтініш-тілегін ескере отырып, қала, аудан әкімдеріне, салалық басқарма басшыларына нақты тапсырмалар бердім. Облыстың экономикасын көтеру үшін тек бюджет қаражатына иек артпай инвестиция тартуымыз керек. Бұл - қала, аудан әкімдерінің ең басты міндеті. Облыстың географиялық орналасуын, көлік логистикалық, сауда-экономикалық мүмкіндігін толық пайдалануымыз қажет. Осы орайда мамыр айында өңірге инвестиция тарту үшін Қытайға арнайы делегациямен баруды жоспарлап отырмыз», - деді облыс әкімі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар