Freedom Inside '26

«Бұл әділ сот емес, азаптау»: ҰҚК изоляторындағы оператордың жұбайы үндеу жасады

«Бұл әділ сот емес, азаптау»: ҰҚК изоляторындағы оператордың жұбайы үндеу жасады
Boreiko

Алматыдағы ҰҚК тергеу изоляторында отырған видеооператор Ұлан Нүсіпқожаның жұбайы күйеуіне қатысты бұлтартпау шарасын өзгертіп, оны үйқамаққа шығаруды немесе ауруханаға ауыстыруды сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Толғанайдың айтуынша, күйеуі аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінбегеніне қарамастан, қамауда денсаулығы күрт нашарлаған.

«Менің жолдасым Ұлан – жалдамалы қызметкер, видеооператор. Оның жұмысы тек жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша бейне түсіру, жазу және монтаж жасаумен ғана шектелді. Қазір Ұлан Алматы қаласындағы ҰҚК тергеу изоляторында ауырлығы орташа қылмысқа күдікті ретінде отыр. Жақында сот оның қамау мерзімін тағы төрт айға, 18 шілдеге дейін ұзартты. Менің ойымша, бұл шешім ерекше қатыгездікпен қабылданды. Өйткені сот та, тергеу де Ұланның ауыр жағдайда екенін жақсы біледі», – деді ол.

Оның сөзінше, тергеу изоляторында дәрігерлер Ұланнан жедел вирустық инфекция, бауырдың ауыр интоксикациясы, анемия және ағзаның қатты әлсіреуін анықтаған.

«Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес Ұланға міндетті түрде МРТ жасау қажет болды. Біз оны 26 маусымда өткіздік. Нәтижесінде онкомаркерлерге талдау тапсыру тағайындалды. Тергеу де, сот та бұл медициналық құжаттарды, онкологтың қорытындысын көріп отыр. Соған қарамастан күйеуімді ем алу үшін үйқамаққа шығарудан бас тартып келеді», – деді Толғанай.

Ол күйеуінің қоғамға қауіп төндірмейтінін айтып, құқық қорғаушылар мен қоғамнан қолдау сұрады.

«Менің жолдасым кісі өлтірген жоқ, қауіпті қылмыскер де емес. Ол ешқайда қашып кетпейді. Оны емделу мүмкіндігінсіз жабық камерада ұстау менің ойымша, бұл әділ сот емес, нағыз азаптау. Мен Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың атына ресми өтініш жолдадым. Себебі күйеуімнің өмір сүру және денсаулығын қорғау жөніндегі конституциялық құқықтары өрескел бұзылып отыр деп есептеймін. Менің жалғыз мақсатым Ұланды үйқамаққа ауыстыру немесе оған қажетті медициналық көмек көрсетілетін ауруханаға жатқызу», – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов қоғамдық белсенді Санжар Бокаевқа аса ірі көлемдегі алаяқтық және заңсыз ағаш кесуді ұйымдастырды деген күдік келтірілгенін мәлімдеген болатын.