Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында Абай облысының әкімі Берік Уәли бірқатар ірі қытайлық инвесторлармен кездесіп, жалпы құны 2,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Келісімдер өңірдің өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Аймақ басшысы алдымен халықаралық инженерлік және инвестициялық «DDS Group» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу қорытындысында тараптар өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, компания Мақаншы ауданының Бақты ауылында жалпы аумағы 3 мың гектарды құрайтын индустриялық парк салуды жоспарлап отыр. Жобаның инвестициялық құны – 1,5 миллиард АҚШ доллары.

Сонымен қатар Берік Уәли Қытайдың жетекші өнеркәсіптік холдингтерінің бірі саналатын Jiachen Group басшылығымен келіссөз жүргізді. Кездесу нәтижесінде Абай облысының әкімдігі, Liaoning Jiachen Holding Group және Xinjiang Sanbao Industrial Group арасында Мақаншы ауданында алюминий зауытын салу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Жобаның құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайды.
Жаңа өндіріс орны іске қосылғаннан кейін өңірде мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Инвесторлар жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын жақын арада бастауға дайын екендерін мәлімдеді.
Сапар барысында облыс әкімі сондай-ақ China Railway Construction Engineering Group (CRCEG) компаниясының өкілдерімен кездесіп, Абай облысындағы көлік-логистикалық және инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру мүмкіндіктерін талқылады. Тараптар құрылыс саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және өңірдің транзиттік әлеуетін арттыру мәселелеріне назар аударды.
Аталған келісімдер Абай облысына шетелдік инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу, жұмыс орындарын құру және өңір экономикасын әртараптандыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі саналады.