АҚШ-тың The New York Times басылымы Дональд Трамп әкімшілігінің Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игеру туралы келісімі президенттің ұлдарына қаржылық пайда әкелуі мүмкін деген зерттеу жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Басылымның мәліметінше, АҚШ пен Қазақстан арасындағы келісім америкалық Kaz Resources компаниясына әлемдегі ең ірі игерілмеген вольфрам қорларының біріне қол жеткізуге мүмкіндік берген. Бұл жоба АҚШ үшін стратегиялық маңызы бар, өйткені вольфрам қорғаныс өнеркәсібінде, әскери техникада, жартылай өткізгіштер өндірісінде және жоғары технологиялық өнімдерде кеңінен қолданылады.
NYT дерегіне сәйкес, келісім жасалғаннан кейін көп ұзамай Дональд Трамптың ұлдары – Дональд Трамп кіші мен Эрик Трамппен байланысты Dominari Securities компаниясы жобаға қатысатын құрылымның шамамен 20 пайыз үлесін иеленген. Сонымен қатар АҚШ Сауда министрі Ховард Латниктің ұлдары басқаратын Cantor Fitzgerald компаниясы да жобаға инвестиция тартуға қатысқан. Бұл жағдай АҚШ-та ықтимал мүдделер қақтығысы туралы пікірталас туғызды.
Бұған дейін Financial Times те Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам жобасын жүзеге асыратын компанияның үлесін алғанын хабарлаған болатын. Басылым мәліметінше, АҚШ мемлекеттік институттары жобаға 1,6 млрд долларға дейін қаржылық қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеген.
АҚШ әкімшілігі бұл келісімнің негізгі мақсаты Қытайға тәуелділікті азайтып, АҚШ-тың стратегиялық маңызды минералдарға қолжетімділігін қамтамасыз ету екенін айтады. Ал сыншылар мемлекеттік қолдау көрсетілген жобаға президент отбасының қатысуы этикалық сұрақтар туындататынын алға тартып отыр.