Freedom Inside '26

Алматыда Family Park-тің орнына тұрғын үй кешені салына ма? Әкімдік жауап берді

Алматыда Family Park-тің орнына тұрғын үй кешені салына ма? Әкімдік жауап берді
Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігі "Family Park аумағына тұрғын үй кешені немесе басқа да құрылыс нысандары салынады" деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қала әкімдігі мәліметінше, әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мұндай ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Қолданыстағы Бас жоспар мен жоспарлау жобасына сай Family Park қоғамдық демалыс аймағы мәртебесін сақтайды. Оның нысаналы мақсатын өзгерту жоспарланбаған.

Қазір саябақты мемлекеттік басқаруға қайтару және оны жан-жақты жаңғырту мәселесі қаралып жатыр. Жоба аясында аумақты абаттандыру, инженерлік желілерді жаңарту және тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз демалыс кеңістігін қалыптастыру көзделген.

Әкімдік мәліметінше, саябақты ұзақ жыл пайдаланған жалға алушы оны күтіп-ұстау және дамыту жөніндегі міндеттін толық орындамаған. Соның салдарынан демалыс аймағының инфрақұрылымы айтарлықтай тозған.

"Жаңғырту жұмыстарының негізгі мақсаты - Family Park-ті қоғамдық демалыс орны ретінде сақтап, оны заманауи, қауіпсіз, қолжетімді әрі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да ыңғайлы саябаққа айналдыру", - деді әкімдік өкілдері.