Freedom Inside '26

Түркістан облысында бір отбасының бес баласы жол апатынан қаза тапты

Түркістан облысында бір отбасының бес баласы жол апатынан қаза тапты
Dalanews.kz коллажы / ЖИ

Түркістан облысында адам шошырлық жол-көлік оқиғасы болды. Түлкібас ауданы Еңбекші ауылы маңында болған апат салдарынан бір отбасының бес баласы көз жұмды. Тағы бір бала ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

OTYRAR мәліметінше, Volkswagen Polo автокөлігі жолдан шығып кетіп, ағашқа соғылған. Соққының қатты болғаны сонша, көлік екіге бөлініп кеткен.

Апаттан аман қалған баланың өмірін дәрігерлер сақтап қалды. Дегенмен оның жағдайы әлі де ауыр деп бағаланып отыр. Ата-анасының өтінішіне байланысты баланың денсаулығына қатысты толық мәлімет жарияланбайды.

Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай қалған болуы мүмкін. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеушілер апаттың нақты себебі мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Бас прокуратура дерегінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында Түркістан облысында 461 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осы апаттардан 100 адам қаза тауып, тағы 573 адам түрлі деңгейде жарақат алған.