Freedom Inside '26

Тағы бір санаттағы азаматтар үшін МӘМС жарнасын әкімдіктер төлейтін болады

Тағы бір санаттағы азаматтар үшін МӘМС жарнасын әкімдіктер төлейтін болады
depositphotos.com

Қазақстанда тағы бір санаттағы азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорына жарнаны әкімдіктер төлейтін болады. Бұл жаңашылдық 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тиісті норма МӘМС туралы заң жобасына енгізіліп, Мәжілісте бірінші оқылымда қаралды.

Жаңа жеңілдік санатына әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар кірмек. Нақтырақ айтқанда, әл-ауқат деңгейі "дағдарыстық" немесе "шұғыл" деп бағаланатын отбасылар қамтылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2023 жылдан бері елімізде "Отбасының цифрлық картасы" жүйесі жұмыс істейді. Сол арқылы 20 миллион азамат 6,2 миллион отбасыға бөлінген. Қазіргі таңда әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтаудың арнайы әдістемесі бар. Бұл әдістеме 8 негізгі бағыт бойынша 80 көрсеткішті қамтиды. Олар: табыс, мүлік, білім деңгейі, жұмысбастылық, денсаулық жағдайы және тағы басқа параметрлер. Әр көрсеткішке белгілі бір ұпай беріледі. Жинақталған ұпай санына қарай отбасы әлеуметтік санатқа жіктеледі.

Мысалы, егер отбасы -29-дан -460-қа дейін ұпай жинаса, ол "D санатына", ал -460 ұпайдан төмен болса, "E санатына" жатқызылады.

Заң жобасына сәйкес, дәл осы D және E санатындағы отбасылардың мүшелері үшін МӘМС жарналарын әкімдіктер өздері төлейтін болады.