Тәліптер BBC-ге шектеу қойды: радиохабар тарату бүкіл елде тоқтады

Тәліптер BBC-ге шектеу қойды: радиохабар тарату бүкіл елде тоқтады
Ашық дереккөз.

Ауғанстан билігі BBC-дің FM радиохабарларын бүкіл ел аумағында белгісіз мерзімге тоқтатты, шешімнің себебі ретінде бірнеше рет қайталанған заңбұзушылықтарды атағанымен, нақты қандай талаптардың бұзылғанын түсіндірмеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Британдық BBC телерадиокорпорациясы Ауғанстанда FM жиіліктері арқылы хабар таратудың тоқтатылғанын мәлімдеді. Талибтер үкіметінің Ақпарат және мәдениет министрлігінің өкілі Хубиб Гуфран шешімнің белгісіз мерзімге қабылданғанын растады.

Оның айтуынша, мұндай шараға «қайталанған заңбұзушылықтар» себеп болған. Алайда министрлік BBC-ге нақты қандай айып тағылғанын ашып айтпады.

BBC өкілі миллиондаған ауғандық үшін корпорация жаңалықтар мен ақпараттың маңызды көзі екенін атап өтті. Оның сөзінше, ұйым хабар таратуды қалпына келтіру үшін Ауғанстан билігімен келіссөз жүргізіп жатыр.

Ауғанстанда 2021 жылы талибтер билікке оралғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына бірқатар шектеу енгізілді. Әсіресе интернетке қолжетімділігі шектеулі өңірлерде радио халықтың ақпарат алуындағы маңызды арналардың бірі болып саналады.

FM хабарларының тоқтатылуы BBC бағдарламаларының бүкіл ел бойынша радиожиіліктер арқылы таралуына әсер етеді. Дегенмен, қазіргі мәліметтер корпорацияның Ауғанстандағы барлық қызметі толық тоқтатылғанын білдірмейді.