Мәскеуде қазақстандық стартап иегері 5,6 жылға сотталды

Кәмшат Тілеухан 30 сәу. 2025 10:10 170

Мәскеуде қазақстандық стартап иесі Александр Ким мен Никита Дубасқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы ресейлік БАҚ-тар Мещанский сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ким мен Дубас бір топ адамды алдын ала сөз байласу арқылы жасаған және абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соқтырған, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейтін қызметтерді көрсеткені үшін кінәлі деп танылды.

"Кимге жалпы режимдегі түзеу колониясында жазасын өтей отырып, бес жыл, алты ай, Дубасқа  сегіз жыл, алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", делінген сот хабарламасында.

Ал сегіз адам қаза тапқан заңсыз экскурсияға арналған тур билеттерін сатқан "Авангард" компаниясының директоры Александр Лазовский мен Tripster сайтының иесі Борис Плотица (осы сайтта экскурсия жарнамасы ұсынылған) тергеу кезінде ізін суытып, әлі де іздеуде.

Айта кетсек, аталған қайғылы оқиға 2023 жылдың 20 тамызында болған. Гидтің жетекшілігімен бес ересек пен үш жасөспірім байырғы заманда Неглинная өзені аққан арнаға салынған коллекторға түскен. Сол кезде кенеттен нөсер жаңбыр жауып, жер асты құбыры суға толған. Қаза тапқандардың денелері Кремль маңында, туристік орын — аспалы көпір астында су бетіне шыққан. Төтенше жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Экскурсияға қатысушылардың қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мәліметтері бойынша, Дубас "Мәскеудің тарихи орталығының коллекторларына заңсыз кіру арқылы экскурсиялар ұйымдастырған".

Марқұмдар Қазақстан азаматы Александр Ким жасаған "Спутник8" онлайн-агрегаторы арқылы осындай экскурсиялардың біріне жазылған. БАҚ мәліметінше, Ким өз кінәсін мойындамаған, ол өзінің тек тур агрегаторын әзірлеуші екенін, заңсыз ұйымдастырылған турдың өзіне ешқандай қатысы жоқ екенін айтқан. Әрі қайғылы жағдай туралы біле салысымен қазақстандық дереу құқық қорғау органдарымен байланысқа шығып, барлық қажетті ақпаратты ұсынған.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар