Астана соты журналист Ботагөз Омароваға қатысты бұлтартпау шарасын таңдап, оны екі ай мерзімге үйқамаққа жіберді. Іс «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша тергеліп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz
Бұл туралы «Құқықтық медиа орталығының» заңгері Диана Окремова хабарлады. Оның айтуынша, Астана қалалық полиция департаменті аталған бап бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.
"О.Б есімді азаматтың арызы бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Тергеу аясында одан жауап алу үшін полицияға шақырылды және оның қатысуымен тергеу амалдары жүріп жатыр",- деп жазылған полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта Ботагөз Омарова іс бойынша қорғануға құқығы бар куәгер мәртебесінде өтіп жатыр. Оның мүддесін адвокат Асель Токаева қорғауда.
Ресми органдар журналистің нақты қай материалына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын жариялаған жоқ. Алайда кей деректерге сүйенсек, іс Омарованың құрылыс саласындағы жұмысшылардың жалақы мәселесіне қатысты жарияланымдарымен байланысты болуы мүмкін. Аталған жұмысшылар өз еңбекақысын ала алмағанын айтып, бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінген.
Журналистер қауымы бұл жағдайға бейжай қарамай, елордада Ботагөз Омарованың үйінің алдына жиналып, әріптестеріне қолдау білдірді.
Журналист Айнұр Коскина болған жағдайға қатысты алаңдаушылық білдірді.
«Не болып жатқанын нақты білмейміз. Адвокаттан тек 274-бап бойынша арыз түскенін естідік. Полиция тарапынан өте қысқа ғана жауап берілді. Осы бапты пайдаланып, журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіру әрекеті болуы мүмкін деген күмән бар», – деді ол.
Ал журналист Бақытнұр Әлібай аталған бапты қайта қарау қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, 274-бап журналистер мен азаматтық қоғам белсенділерінің жұмысына кедергі келтіреді.
«Бұл тек Ботагөз Омароваға қарсы шара емес, жалпы қазақстандық журналистика мен азаматтық қоғамға әсер ететін жағдай», – деді ол.
Журналист Ботагөз Искакова да әріптесінің кәсіби деңгейін атап өтті. Оның айтуынша, Омарова қоғам үшін маңызды мәселелерді көтеріп жүрген тәжірибелі журналист.
