Абай облысының Аягөз қаласында жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде тіркейтін камера жүйесінің баптауларынан қателік анықталды. Соның салдарынан 172 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, мәселе Аягөз аудандық прокуратурасының тексеруі барысында белгілі болған.
Тексеру кезінде қала көшелерінің бірінде рұқсат етілген жылдамдық 60 км/сағ болғанына қарамастан, автоматты бақылау жүйесіне 40 км/сағ шектеуі енгізілгені анықталды. Соның салдарынан жүргізушілер іс жүзінде ереже бұзбаса да, жүйе оларды құқық бұзушы ретінде тіркеп отырған.
Қате баптаудың нәтижесінде 172 адамға заңсыз айыппұл салынған. Прокуратураның ұсынысынан кейін барлық заңсыз қаулылардың күші жойылып, төленген қаражатты қайтару жұмыстары басталды.
Бүгінгі күнге дейін көлік иелеріне 800 мың теңгеден астам қаржы қайтарылған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.
Прокуратура өкілдері заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын анықтаған азаматтарға уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе прокуратураға жүгінуге болатынын еске салды.