2 млрд теңге залал: мемлекеттік деректер ісі бойынша лауазымды адамдар ұсталды

Ақтоты Жапатова 21 нау. 2026 10:20

Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Оларға лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану және пара алу фактілері бойынша күдік тағылып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz

Тергеу мәліметінше, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» жеке тұлғалардың табыстары туралы деректердің бірыңғай мемлекеттік операторы болып табылады. Бұл ақпарат кредиттік бюролар мен қаржы ұйымдары үшін қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалауда аса маңызды және оның баламалы заңды көзі жоқ.

Аталған деректерді негізгі пайдаланушылар – «Мемлекеттік кредиттік бюро» және «Бірінші кредиттік бюро». Алайда 2020 жылы орталықтың бұрынғы президенті Дәулет Аргандыков пен «Бірінші кредиттік бюроның» бас директоры Руслан Омаров арасында заңсыз келісім жасалғаны анықталды. Соның нәтижесінде «Бірінші кредиттік бюро» қызметтен алатын үлесін 30 пайыздан 35 пайызға дейін арттырған. Ал орталықтың үлесі керісінше 70 пайыздан 65 пайызға дейін төмендеген.

2025 жылдың басында орталықтың президенті болып Асқар Сарбасов тағайындалғаннан кейін де бұл теңсіз шарттар сақталған. Тергеу барысында «Бірінші кредиттік бюроға» артықшылық беретін арнайы схема әшкереленді. Атап айтқанда, екі ұйым арасындағы ақпарат алмасу жүйесінде сұраныстарды жедел өңдеуге мүмкіндік беретін арнайы сервис орнатылған. Ал «Мемлекеттік кредиттік бюроға» қатысты жүйеде керісінше сұраныстарды баяулататын зиянды бағдарламалық қамтамасыз ету енгізілген.

Осының салдарынан мемлекетке, нақтырақ айтқанда «Еңбек ресурстарын дамыту орталығына» 2 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

Сонымен қатар 2025 жылдың маусымында Аргандыков пен Омаровтың Сарбасовқа 75 мың АҚШ доллары көлемінде заңсыз сыйақы бергені анықталды. Бұл қаражат аталған заңсыз табыс табу схемасын сақтап қалу үшін берілген.

Күдіктілер ұсталып, сот санкциясымен олардың 1 млрд теңгеден астам сомаға бағаланатын жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне, сондай-ақ бағалы қағаздарына тыйым салынды. Қылмыстық іс материалдары тараптарға танысу үшін жолданған.

Құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін әрбір адам кінәсіз деп есептелетінін еске салды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove