Талдықорғанда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында екі рекорд жаңарды

Талдықорғанда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында екі рекорд жаңарды
Dala News

Талдықорған қаласында жүзуден 2026 жылғы Қазақстан Республикасының жазғы чемпионаты басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

 5-8 мамыр аралығында өтетін жарысқа елдің 17 өңірінен 372 спортшы қатысып жатыр. Оның ішінде 229 ер адам және 143 әйел спортшы бар.

Биылғы чемпионат World Aquatics халықаралық күнтізбесіне енген және халықаралық рейтингтік жарыс мәртебесіне ие. Сонымен қатар турнир желтоқсанда Қытайда өтетін қысқа қашықтықтағы әлем чемпионатына, сондай-ақ биыл күзде Сенегалда ұйымдастырылатын Жасөспірімдер Олимпиадасына іріктеу кезеңі саналады.

Маңызды халықаралық жарыстарға жолдама сарапқа салынғандықтан, чемпионатқа шетелдік спортшылар да қатысуда. Талдықорғандағы турнирге Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан құрамалары келген.

Жарыстың алғашқы күнінде бірден екі Қазақстан рекорды жаңарды. Ақтөбе облысының спортшысы Глеб Коваленя 50 метр еркін стильде 22.06 секунд нәтиже көрсетіп, ел рекордын жаңартты. Ал Қарағанды облысының өкілі Ксения Игнатова 200 метр кешенді жүзуде 2:17.40 уақытпен Қазақстанның жаңа рекордын орнатты.

Әйелдер арасында 200 метр еркін стильде Алматы құрамасының спортшысы Даниела ДЮ 2:05.78 нәтижесімен алтын медаль жеңіп алды. Екінші орынды Жетісу облысынан Мария Федотова иеленсе, үшінші орын тағы бір алматылық Ева Миленинаға бұйырды.

Ерлер арасындағы осы қашықтықта Шымкент қаласының өкілі Данил Черепанов топ жарды. Ол 1:51.68 нәтижесін көрсетті. Күміс жүлдені Алматы спортшысы Максим Клименко алса, қола медаль Түркістан облысының жүзушісі Ғалымжан Балабекке бұйырды.

100 метр шалқалай жүзуде Қарағанды облысының спортшысы Ксения Игнатова тағы да үздік атанды. Ол қашықтықты 1:01.51 уақытта бағындырды. Ерлер арасында бұл бағдарламада алматылық Мансур Разиев жеңіске жетті.

100 метр баттерфляй әдісінде әйелдер арасында Түркістан облысының өкілі Софья Сподаренко жеңімпаз атанса, ерлер арасында Астана қаласының спортшысы Әділбек Мусин 52.81 нәтижесімен алтын медаль иеленді.

200 метр кешенді жүзуде Ксения Игнатова рекордпен бірге чемпион атанды. Ерлер арасында бұл қашықтықта алматылық Даниил Чужинов үздік нәтиже көрсетті.

50 метр брасс әдісінде әйелдер арасында Алматы спортшысы Анна Пупко жеңіске жетсе, ерлер арасында Ақмола облысының өкілі Айбат Мырзамұратов чемпион болды.

Эстафеталық жарыстарда әйелдер арасында Алматы құрамасы алтын жүлде алды. Түркістан облысы екінші орын иеленсе, Жетісу облысы үздік үштікті түйіндеді.

Ал ерлер арасындағы 4×100 метр еркін стиль эстафетасында Ақмола облысының командасы чемпион атанды. Шымкент құрамасы күміс, Солтүстік Қазақстан облысы қола жүлдеге ие болды.

Жарысты ұйымдастырып отырған Qazaq Aquatics федерациясы чемпионаттың өтуіне қолдау көрсеткен серіктестерге алғыс білдірді. Олардың қатарында «Самұрық-Қазына» қоры, SportQory спортты қолдау қоры, «Қазцинк», Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті және Kcell компаниясы бар.