Алматының коммуналдық қызметі нөсер жаңбырға байланысты күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды- деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасына сілтеме жасап.
"Алматыда 20 маусым күні сағат 15:00-ден бастап 21 маусым сағат 02:00-ге дейін жаңбыр жауады, кей жерлерде 20 мм-ге дейін қатты жауын-шашын, найзағай, бұршақ жаууы мүмкін. Метеорологтар бірнеше сағат ішінде маусым айына тән жауын-шашынның үштен бірінен астамы жаууы мүмкін екенін болжап отыр (маусым айының нормасы – 59 мм). Жел оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, жылдамдығы 3-8 м/с, екпіні 15-20 м/с-ке дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы +28…+30 °С болады", - делінген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.
20-нан 21 маусымға қараған түні өткінші жаңбыр мен найзағай жауады, күндіз жауын-шашын болмайды. Ауа температурасы түнде +17…+19 °С, күндіз +31…+33 °С.
22 маусым күні – көшпелі бұлт шығады, күндіз өткінші жаңбыр мен найзағай болуы мүмкін. Түнде ауа температурасы +20…+22 °С, күндіз +28…+30 °С.
Су басу қаупінің алдын алу мақсатында 52 мобильді жедел бригада кезекшілікке қойылды. Олар мотопомпа және құрал-жабдықпен жабдықталған.
Аудан әкімдіктерінде атқарылып жатқан жұмыстарды бақылау мақсатында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады.
Күндізгі уақытта 426 арнайы техника, 26 мотопомпа және 895 жұмысшы жұмылдырылған.
«Алматы қаласының құтқару қызметі» ШЖҚ МКК тарапынан 12 техника және 55 қызметкер, ТЖД тарапынан 58 техника және 245 адам жұмылдырылды.
Бұған дейін коммуналдық қызметтер су кедергісіз ағуы үшін арық жүйелерін, өткелдерді және қоқысты сүзіп алып қалатын құрал арқылы тазалау жұмыстарын жүргізген.
Қала тұрғындары мен қонақтарына ұсыныстар:
* Ауа райының қолайсыздығына байланысты тауға бармаңыз.
* Ағаштар құлап, электр желілері үзілуі мүмкін болғандықтан көлікті жол жиегіне қоймаңыз.
Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы арықтарға, жаңбыр суы ағындарына және су ағатын арналарға тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс тастамауды сұрайды.
Ережені бұзушылар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы – «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын көркейту қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы нысандарын бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.