Алматы облысы 2024-2025 жылғы жылыту маусымына толықтай дайын

Жарбол Кентұлы 26 қар. 2024 10:56 82

Жаңа 2024-2025 жылғы жылыту маусымында Алматы облысы бойынша халыққа көмір қажеттілігі 714 мың тоннаны құрады. Бұл 10 352 вагонға тең келетін қатты отын, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде темір жол көлігімен өңірге  404,1 мың тонна көмір жеткізілген. Сонымен қатар, Райымбек ауданындағы «Ойқарағай» кенішінен 21,7 мың тонна көмір сатылды. Қазіргі уақытта теміржол тұйықтары мен қоймаларында 47,4 мың тонна көмір жинақталған.

Әлеуметтік нысандарды сұйық отынмен қамтамасыз ету қажеттілігі 15 млн литрді құрайды, бүгінде бұл қажеттілік толық көлемде жабылған.

Қазіргі таңда Заречный ауылындағы қазандық пен Қонаев қаласының қазандықтарына 2 900 тонна мазут отыны дайындалған (жоспар бойынша 3 800 тонна). Сонымен қатар, облыс бойынша барлық қазандықтар жөндеуден өтіп, штаттық режимде жұмыс істеуде, жылу өндіруші ұйымдар тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызметтермен қамтамасыз етілген.

2024 жылдың қазан-қараша айларында Жамбыл ауданының Ақтерек және Бірлік, Талғар ауданының Қайнар және Ұйғыр ауданының Шарын ауылдары газға қосылды. Бұл шара 11 582 тұрғынға табиғи газға қолжетімділік бергенін айта кетуіміз керек.

Жоспар бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін Талғар ауданының Көктал және Арқабай, Ұйғыр ауданының Тасқарасу және Бахар ауылдары да газбен қамтылады. Бұл жобалар 8 553 тұрғынды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар